Қазақстан Президенті Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының іс басындағы төрағасы, Финляндияның Сыртқы істер министрі Элина Валтоненді қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз егемендік, аумақтық тұтастық және адам құқықтарын құрметтеу қағидаттарын берік ұстанатындығын айтты. Бұл маңызды қағидаттар Хельсинки қорытынды актісінде бекітілген. Айта кетейік, еуропалық қауіпсіздіктің негізі болған бұл құжатқа биыл 50 жыл толады. Президент Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының аймақтық және жаһандық қауіпсіздік саласындағы күрделі кезеңде басқарып отырған Элина Валтоненнің қызметіне қолдау білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-фин байланыстарының жай-күйіне жоғары баға берді. Финляндияны Астананың Скандинавия аймағындағы бұрыннан келе жатқан серіктесі деп атап, қарым-қатынасты одан әрі жандандыруға әзір екенін мәлім етті. Өз кезегінде Элина Валтонен ұйым Қазақстанмен және Орталық Азиямен байланысты дамытуға баса мән беретініне тоқталды.

