Қазақстанның мемлекеттік басқаруын цифрландыру

Қазақстанның мемлекеттік басқаруын цифрландыру

Қазақстанда мемлекеттік қызметке кіру тәртібі жеңілдей түспек. Бұл қызметке тұруды оңтайландыру үшін келер жылдан бастап «e-Qyzmet» жүйесі еліміздің барлық мемлекеттік органдары үшін жұмыс істей бастайды. Оны енгізу кезең-кезеңмен жүргізіледі. Ал, әзірге пилоттық жобаны 44 құрылым пайдалануда. Мұндай заманауи сандық шешім үміткерге мемлекеттік қызметке конкурстық негізде іріктеудің барлық кезеңдеріне әлемнің кез клген нүктесінен кез келген уақытта қатысуына жол ашады. Сондай-ақ, кадрлық үрдістерді цифрландыру байқаудың ашық және әділ өтуіне кепіл болады. Мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері болса өздерінің кәсіби біліктіліктерін Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жетілдіре алады. Биыл бұл ерекше мәртебеге ие мекеме өзінің 30 жылдығын атап өтуде.


Мерейтойға орай Астанада мемлекеттік органдар мен түрлі ведомстволардың өкілдері, Академия қызметкерлері мен түлектерінің, сонымен қатар шетелдік сарапшылардың қатысуымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Соңғылары елдерінде мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін арттыру тұрғысындағы тәжірибелерімен бөлісті. Олар Қазақстандағы мемлекеттік сектордың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті.


Гюнтер Гоблом, Брюссель дипломатиялық академиясының директоры, Бельгия:


- Менің ойымша, екі тараптың да бұл салада қолданатын озық тәжірибелері болашақта елдердің экономикалық әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Екі жақтың да мемлекеттік қызметтерді цифрландыруы жақсы дамыған. Біз бұны ұйымдар, компаниялар және жалпы азаматтық қоғам бағалайтынын көріп отырмыз.


Жеңіс Ермұқанов