Таразда халықаралық қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті

Таразда халықаралық қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті

Теріден, аң сүйектері мен мүйізінен, ағаш пен темірден жасалған бұйымдар. Таразда өткен халықаралық қолөнер шеберлерінің көрмесіне еліміз бен 10-нан аса шет елден 200-ге тарта қолөнершілер қатысты. Шеберлердің қайталанбас туындылары әр елдің ерекшелігін сипаттайды. Жамбылдық шеберлер де өз өнерлерін ортаға салды. Облыс орталығында олардың саны 78-ге жеткен. Басым бөлігі киізден бұйымдар жасаумен айналысатындықтан, қолөнердің бұл түрін қаланың брендіне айналдыруды көздеп отыр.

Айдархан Қалиев, Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің мүшесі:

- Жүннен және киізден жасалған бұйымдарды басымдыққа алдық. Оның үстіне Дүниежүзілік кеңес мәртебе бергенде оның қаншалықты шикізатпен қамтамасыз етілгеніне мән береді. Бізде жүн шикізаты жеткілікті, оны өңдеуге үлгермейміз деп де айтуға болады. Бұл – заман талабына сай жаңғыртып, бейімдеуді қажет ететін ұлттық байлық.

Джаббар Катри, үндістандық қолөнерші:

- Мен Таразға қолөнерші ретінде келіп отырмын. Үндістаннан арнайы келудегі мақсатым, туындыларым арылы өз елімнің мәдениетін таныту. Әрі осындағы қолөнершілермен тәжірибе алмасу. Мұнда қолөнершілер өте көп екен. Жалпы Тараз жұрты ұнады. Қонақжай халық екен. Алдағы уақытта осындай көрме ұйымдастырылса, міндетті түрде қатысамыз.

Мұндай көлемдегі көрме облыс орталығын «Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының» тізіміне ресми енгізу аясында өтті. Осылайша Тараз еліміздегі ең алғашқы әрі жалғыз қала ретінде тізімге 57-ші болып еніп отыр. Бұған Тараздан бөлек Түркістан және Алматы қалалары да өтініш білдірген. Арнайы топ аймақтың тарихы мен қолөнердің даму қарқынына мән берген.

Айжан Бекқұлова, Қазақстан қолөнершілер одағының төрағасы:

- Дүниежүзілік тізімге кіру оңай емес. Қолөнершілердің жабдықталған базасы болу қажет. Олардың саны мен бағыты да көп болуы міндетті. Әрі мұнда ұрпақтар сабақтастығы болуы маңызды. Себебі ол жоғалып кетпей жастарға үйретілуі керек. Таразда бұл жағынан уайымдамауға болады. Себебі аналар орталығы болсын, оқушылар сарайы болсын, барлық жерде қолөнердің түрлері үйірме ретінде ашылған. Сондықтан зор сеніммен халықаралық тізімге енгіздік.

Тарихшылар 2000 жылдан аса тарихы бар шаһарда қолөнер ерекше дамығанын және Ұлы Жібек жолындағы басты қала болған дейді. Бұған дәлел – соңғы жарты ғасырда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының барысында қала аумағынан үш жарым мыңға жуық жәдігер табылған. Археологтар оның ішінде де қолөнершіліктің қолтаңбасы бар екенін айтады.

Сауран Қалиев, археолог-тарихшы:

- 2015 және 2017 жылдардың аралығында Көне Тараз қалашығының орнында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының барсында, қаланың сол 10-11 ғасырларға тән мәдени қабатынан екі құмыраға салынған әйел адамдардың әшекей бұйымдары табылды. Бұл әшекей бұйымдарының барлығын ғалымдар сараптап келе, жергілікті зергерлер мен қолөнершілердің туындылары екені белгілі болды. Тараз қаласының ерте заманнан қолөнершілердің қаласы, яғни отырықшы мәдениеті қалыптасқан қала екендігін біз көріп отырмыз.

Барлық фактіге сүйене отырып, сарапшылар Таразды әлемдік қолөнершілер қалаларының тізіміне қосу әбден орынды деп есептейді. Бұл ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтіп, Қазақстанның әлемдік аренада одан әрі танымал болуына мүмкіндік береді.