Қазақстанның бас қаласында екі күндік Астана халықаралық форумы басталды. Алқалы жиынға 5 мыңнан астам делегат қатысып жатыр. Олардың арасында бірқатар мемлекет басшылары, саясаткерлер мен дипломаттар, беделді халықаралық ұйым өкілдері бар. Биылғы форум «Ақыл-ой қосу арқылы келешекті бағдарлау» тақырыбын арқау еткен. Форумның пленарлық сессиясында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге назар аударды. Дүние жүзін қақтығыстар мен соғыс өрті жайлап барады. Былтырғы мәліметке сәйкес, 52 мемлекет қарулы қақтығыс жағдайында тұрған, - деді Президент. Салдарынан экономикалық шығын 19 триллион долларға жетті. Бұл, шамамен, әлемдік ішкі жалпы өнімнің 13,5 пайызы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Әйтсе де, ядролық қаруды иеленген мемлекеттер арасындағы шиеленіске айрықша мән бергеніміз жөн. Бүгінде тоғыз елдің арсеналында жалпы саны 13 мың ядролық оқтұмсық бар. Сарапшылар оны қолдану ықтималдылығы артып келе жатқанын ескертеді. Тіпті, бұған жазатайым қателік, оқыс оқиға немесе эскалация себеп болуы мүмкін. Бір ғана жарылыстың салдары жойқын болмақ. Ғалымдар атом бомбасы түскен жерін күл-талқан етіп қана қоймай, жаһандық ауқымдағы климат апатына әкеп соғуы, егістік атаулыны жойып жіберуі мүмкін екенін айтады».
Президент жаһандық қауіпсіздікке төнген қатерге тек геосаяси сипат тұрғысынан қарамау қажеттігін баса айтты. Протекционизм – сауда соғысы да де өршіп келеді. Осы сәтте БҰҰ жұмысының нәтижелілігін артыру маңызды. Сондықтан Қазақстан аталған ұйымның Қауіпсіздік Кеңесі құрамын кеңейтіп, оған әлемнің әр өңірінен өкіл қосу туралы ұстанымды қолдайды. Біздің республика қазіргі турбулентті әлемді сындарлы өзара іс-қимыл объективі арқылы қарастырады. Елдің сыртқы саясаты диалог басымдылығы мен егеменді құқықтарды құрметтеуге негізделген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Сол себепті цифрлық технология мен жасанды интеллектіден бастап жасыл энергетика мен қосымша құны жоғары өндіріске дейінгі негізгі секторлардағы әлеуетімізді күшейте береміз. Біз цифрлық трансформацияда елеулі табысқа қол жеткіздік. Мақсатымыз – Еуразиядағы жетекші IT хабқа айналу. Әсіресе, жасанды интеллектіні дамытуға айрықша мән беріп отырмыз. Бірқатар шетелдік университеттің филиалы бар, зерттеу мен әзірлеу саласындағы серіктестік жолға қойылған академиялық және инновациялық хабқа айналғымыз келеді».
Алайда климат
дағдарысы шешілмей, ешқандай орнықты даму болмайды, - деді Президент. Орталық Азия – планетадағы климат
өзгерістеріне осал өңірлердің бірі. Мұнда ғаламдық жылыну деңгейі әлемдегі
орташа көрсеткішпен салыстырғанда екі есе жоғары. Аталған
қиындықтарды еңсеру үшін өңірлік тұрғыдан үйлестірілген, прагматикалық
бағыттағы климат күн тәртібін ілгерілетуге бейілміз. Келесі жылы Қазақстан
БҰҰ-мен бірге Өңірлік экологиялық саммитін өткізеді.

