Қазақстан Президенті Орталық Азия өңірі және Әзірбайжан елдеріндегі
әріптестерімен мемлекеттер басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысты. Конгресс-орталықта
Қасым-Жомарт Тоқаевты өзбек көшбасшысы Шавкат Мирзиеев қарсы алды.
Мемлекеттер көшбасшылары деңгейіндегі консультативтік
кездесулер - бұл серіктестікті күшейтіп, өңірді дамытудың бағыт-бағдарын
бірлесіп айқындау мүмкіндігі. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл формат өз тиімділігін дәлелдегенін
айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ортақ күш-жігердің арқасында өңірдің ішкі бірлігі
артты. Бұл елдеріміздің дамуына және халықаралық ынтымақтастыққа кеңінен жол
ашты. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері өңірдің жаһандық үдерістерде маңызды
рөл атқаратынын мойындайды. Сондықтан «Орталық Азия плюс» форматына қызығушылық
артып келеді. Бұған биыл негізгі шетелдік серіктестермен өткен саммиттер дәлел
бола алады. Менің ойымша, мұндай серіктестіктің басты мақсаты – өңірдегі
тұрақтылықты нығайту және орнықты прогресс үшін жағдай жасау, елдеріміз бен
халықтарымыздың әл-ауқатын, бақуатты тұрмысын қамтамасыз ету.
Қазақстан Президенті өңірлік ықпалдастықтың экономикалық негізін күшейткен толайым табыстарға тоқталды. Нәтижесінде былтыр өңір ішіндегі тауар айналымы 11,5 млрд долларға жетті. Тараптар сауда-саттық көрсеткішін 20 млрд долларға дейін ұлғайтуға ниетті. Мемлекет басшысы АӨК, транзит, сирек кездесетін металдарды өндіру мен қайта өңдеу және туризм сынды әлеуетті салалар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мемлекеттеріміз әзірге толық барланбаған, бірақ айтарлықтай мол ресурсқа ие. Аймаққа озық технология тарту және инновациялық шешімдерді енгізу ісінде күш біріктіру керек. Қазақстан Астанада Сирек металдарды зерттеу жөніндегі өңірлік орталығын құру бастамасын көтерген болатын. Бұл мекемеде кеніштер мен оны игеру технологиялары туралы өзекті ақпараттарды жинақтап, инвесторларға ұсына аламыз.
Өңір үшін су қауіпсіздігі
мәселесі аса өзекті. Мемлекет басшысы елдердің салалық стратегияларын
үйлестіріп, сәтті тәжірибелерін кеңінен таратудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ,
болашақта Орталық Азияның суды пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясын әзірлеуді
ұсынды. Бұл бірыңғай жұмыс қағидаттарын бекітіп, қарама-қайшылықтардың алдын
алуға мүмкіндік береді. Президент Консультативтік кездесу форматын одан әрі
жетілдіру мәселесіне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық үйлестірушілер кеңесі
уағдаластықтардың орындалуын бақылаумен шектелмей, өңірді дамытудың
стратегиялық бағыт-бағдарын әзірлеумен айналысуы керек деп санайды. Айта
кетейік, келесі жылы Мемлекет басшыларының консультативтік кездесуіне Түрікменстан
төрағалық етеді. 2026 жылдан ол Орталық Азия + Әзірбайжан тұрақты форматында
өтетін болады.

