Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин XXI Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс арқылы қатысты. Айта кетейік, биылғы бас қосу еліміздің Орал қаласында ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы бұл бірегей алаңның Қазақстан мен Ресейдің жемісті стратегиялық ынтымақтастығы үшін айрықша рөлін атап өтті. Өйткені экономикалық өсім мен түрлі салалардағы ықпалдастық ең әуелі өңірлерде қалыптасады. Қасым-Жомарт Тоқаев қос тараптың экономикалық дамуына жұмысшы мамандық иелерінің қосқан үлесіне де тоқталды. Ол Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау, жұмысқа орналасу үшін кепілдік берілетін студенттерді даярлау тетігін енгізу және цифрлық технологияларды қолдану тәжірибесіне тоқталды. Бұдан өзге, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру бойынша шаралар қабылдап жатқанын тілге тиек етті. Президент мамандардың жоғары біліктілігі мен заманауи дағдылары Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсіптік өсуі мен технологиялық жаңғыруының қозғаушы күші екенін ерекше атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы бірегей алаңда экономикалық, инфрақұрылымдық және гуманитарлық бағыттағы тың жобалар дүниеге келіп, кейін өңірлік деңгейде кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Мұның маңызы зор. Өйткені экономикалық өсім және өнеркәсіп, ғылым, білім, мәдениет салаларындағы ынтымақтастық ең әуелі өңірлерде қалыптасады. Сауда-экономикалық, инвестициялық ықпалдастық жыл өткен сайын тұрақты түрде нығайып келеді. Бұл – қуантарлық жайт.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
- Өңірлік байланыстар екіжақты қарым-қатынастардың барлық
кешенінің шынайы әрі сенімді іргетасы саналады және олар экономика, сауда,
энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар сынды түрлі
салаларды қамтиды. Жалпы бүгінде Ресей Федерациясының 89 субъектісінің 76-сы
Қазақстанның барлық 17 облысымен тікелей байланыс орнатқан.

