Премьер-Министр мен шетелдік инвесторлар Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады

Премьер-Министр мен шетелдік инвесторлар Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады

Alstom француз компаниясы Қазақстанда бірнеше электровоздарға техникалық қызмет көрсету орталықтарының құрылысын бастады.  Оның алғашқысын 2025 жылы, Жамбыл облысында ашу жоспарланған. Бұл туралы Қазақстан Премьер-Министрі мен компания басшысының кездесуі барысында белгілі болды. Теміржол индустриясындағы инвестор 10 жыл ішінде құрылысқа, технологиялар трансфертіне және қазақстандық мамандарды даярлауға шамамен 120 млн евро құйды. Теміржол саласына «жасыл» технологияларды енгізу мәселелерін Үкімет басшысы Wabtec жетекшісімен қарастырды. Америкалық компания елімізде локомотивтер өндірісін локализациялауды дамытуда.  Инвестор  алдағы 10 жылда баламалы отын түрлерін қолдана отырып, жаңа өнімдерді дамытуға 200 млн долларға жуық инвестиция салуға ниетті.  

Рафаэль Сантана, «Wabtec» корпорациясының президенті әрі бас атқарушы директоры:

– Қазақстанда біз көптеген жобаны жүзеге асырдық. Жүк және жолаушылар маневрлік локомотивтерін өндіруден бөлек, биыл Астанада инженерлік орталық салдық. Қазақстанға өтеусіз негізде теміржолдағы жұмыстың тиімділігін жақсартуға қабілетті Kinetix цифрлық қондырғысын әзірлеп, ұсындық. Болашақта Қазақстан үшін ғана емес, Орталық Азия мен Африка елдеріне де локомотив өндіреміз деген жоспарымыз барү

Қазақстанда ультрадыбыстық диагностика аппараттарын және компьютерлік томографтарды шығару жоспарлануда. Жобаны жүзеге асыруды Олжас Бектенов GE Health Care өңірлік президентімен талқылады.  Тараптар сондай-ақ медициналық кескіндемелердің  ұлттық мұрағатын құруға ниетті. Премьер министр қытайлық Fufeng Group (Фуфен Груп) басшысы Ли Сюэчунмен қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жобасын іске қосуды талқылады. Қазақстанда жүгері мен бидайды өңдеуге арналған өнеркәсіптік парк құру жоспарлануда. Бұл крахмал, аминқышқылдар сынды қосымша құны жоғары өнімдерді  алуға мүмкіндік береді. Инвестиция көлемі шамамен 300-350 млн долларды құрайды.

Ли Сюэчунь, Fufeng Group басқарма төрағасы:  

– Жүгеріні терең өңдеу зауыты және көмір химиясының бағыты. Екі жобаны да бірнеше кезеңмен жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бірінші кезеңде 1 млн тонна жүгері және 700 мың тонна көмір-химия өнімін өндіреміз. Әрі қарай екі бағыт бойынша өндіріс көлемін арттырамыз. Жүгері өсіру жұмысына да тікелей өзіміз қатысамыз. Содан кейін фермерлермен келісім-шарт жасаймыз, тыңайтқыштарымызды, технологияларымызды ұсынамыз.

Әсел Күшенғалиева