Қазақстан енді Армениямен электр энергетикасы саласында тиімді ынтымақтастық орната алады. Парламент Сенатының жалпы отырысында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Арменияның қосылуына байланысты өзгерістер енгізу туралы хаттама ратификацияланды. Құжат тараптар арасында қуат көзімен алмасудың әдіснамасын айқындайды. Яғни тарифтік саясат пен бағаны белгілеу, табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету және одаққа мүше мемлекеттердің энергия желілерінің тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Айта кетейік, қазіргі таңда хаттама Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей елдері тарапынан мақұлданған.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Заң қабылданды. Құрметті әріптестер, қазіргі таңда экономиканың әлеуетін арттыруда электр энергиясының алар орны ерекше. Осы тұрғыдан келгенде, бұл заң ұйымға мүше елдердің энергетика саласындағы ынтымақтастығын дамытуға оң әсерін тигізеді деп сенеміз.