Сегізінші сайланған Қазақстан Парламентінің үшінші сессиясы ресми түрде жабылды. Өз өкілеттіктерінің бел ортасына келген депутаттар каникулға кетті. Палаталардың бірлескен отырысында Мәжіліс спикері алда әлі қыруар жұмыс күтіп тұрғанын айтты. Ерлан Қошановтың айтуынша, депутаттық корпус осы есептік кезеңде Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасы аясындағы заңнамалық бастамалардың бәрін дерлік іске асырған. Бұл сессияның жұмысы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» жүйесінің тиімділігін дәлелдеді.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Біз әрдайым Мемлекет басшысының жан-жақты ойластырылған, халықтың талап-тілегіне, елдің мүддесіне негізделген стратегиясын басшылыққа алып келеміз. Бұл ұстаным бағыт-бағдарымызды айқындап, күш-қуатымызды бір арнаға жұмылдыруға жол ашты. Сессия басталарда мемлекет басшысы өз Жолдауында алға қойған басты міндеттер біздің жұмысымызға серпін беріп, қарқын қосты. Ұлттық құрылтайда айтылған стратегиялық идеялар Парламент назарын қоғамның ең өзекті мәселелеріне аударды. Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясындағы заңнамалық бастамалардың бәрін дерлік депутаттық корпус осы сессияда іске асырды.
Үшінші сессия барысында Сенат пен Мәжілістің 40-қа тарта жалпы отырысы
өтті. Қос палатаның қарауына 158 заң жобасы түсті. 89 заң қабылданды. Жаңа
салық, бюджет және су кодекстері заңды күштеріне енді. Әлеуметтік қолдау,
денсаулық сақтау және сот жүйесін реформалауға ерекше назар аударылды. Енді
депутаттар өңірлерге аттанып жергілікті жерлерде сайлаушылармен кездеседі. Жаңа маусымда депутаттардың алдында құрылыс
кодексі, құқық бұзушылықтың алдын алу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау,
банктер мен банк қызметі туралы және басқада заңдармен жұмыс істеу міндеті тұр.

