Қазақстан - Италияның Орталық Азиядағы жетекші серіктесі. Ал, Италия еліміздің сауда әріптестерінің үштігіне енеді және ірі инвесторларының бірі. Мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 24 пайызға артып, өткен жылы 20 миллиард долларға жетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Италия Премьер-министрі Джорджа Мелонимен ынтымақтастық келешегін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Сізді Қазақстанда қарсы алу – біз үшін үлкен мәртебе. Италия – Қазақстанның Еуропадағы жетекші сауда серіктестерінің бірі. Кешелі-бүгін Астанада Италия бизнесінің көптеген өкілінің қатысуымен бизнес-форум өтті. Екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды дамытуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз».
Джорджа Мелони, Италия Премьер-Министрі:
- «Сіздің еліңізге алғаш рет келіп отырмын. Өте қуаныштымын. Өзіңіз айтқандай, екі елдің қарым-қатынасы өте жақсы. Алайда бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге әрдайым мүмкіндік бар. Біз Қазақстанды Италияның, сондай-ақ Еуропаның маңызды серіктесі ретінде қарастырамыз. Сонымен қатар, қазіргі кезде Орталық Азия өңірі стратегиялық мәнге ие болды. Мемлекеттер басшылары деңгейінде бірінші «Италия – Орталық Азия» саммитін ұйымдастырғаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін».
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джорджа Мелони Астана халықаралық форумының арнайы сессиясына қатысты. Италия Премьер-министрі Орталық Азиямен ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері мен маңызы туралы сөз сөйледі.
Бұдан кейін Ақордада Италия Министрлер кеңесінің төрағасы Джорджа Мелониді салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Тараптар бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Содан кейін тараптар келіссөз жүргізді. Өз кезегінде Джорджа Мелони бұл сапардың Қазақстан мен Италия қарым-қатынасын жандандыруға ықпал ететінін айтты.
Берік экономикалық ынтымақтастық пен мәдени-гуманитарлық байланыс жөнінде кеңейтілген
құрамдағы келіссөз барысында пысықталды. Жиынға екі ел делегациялары қатысты. Соңғы жиырма жылда
Италия Қазақстан экономикасына 7,6 миллиард долларға дейін инвестиция құйды. Сондай-ақ,
елімізде 270-ке жуық италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Президент
мемлекеттер арасында тығыз саяси диалог орнағанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Сіздің басшылығыңызбен Италия Үкіметінің Қазақстанмен арадағы тығыз қарым-қатынастарды сауда және инвестиция салаларында ғана емес, парламентаралық ықпалдастық бағытында дамытуға ұмтылысын жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ, екіжақты гуманитарлық ықпалдастыққа да шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Сіздің бұл сапарыңыздың екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан маңызы зор. Халықаралық аренада Қазақстан мен Италияның байланыстары сенімді әрі стратегиялық серіктес сипатында жалғаса береді деп сенемін».
Джорджа Мелони, Италия Премьер-Министрі:
- «Сізді көреген көшбасшылардың бірі санаймын. Қазіргі сын-қатерлерді терең түсінетін адаммен әңгімелесу мен үшін өте құнды. Осынау қиын кезеңде жақсы жаңалықтар да бар. Соның бірі – Италия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас. Біздің байланыстарымыздың деңгейі жоғары. Мұны бұған дейін бірнеше рет атап өттік. Дегенмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік жеткілікті. Менің сапарымның мақсаты да осы. Сіздің еліңіздің Батыс пен Шығысты байланыстырып жатқан алтын көпір ретіндегі тарихи мәнін жақсы білеміз».
Қазақстан Президенті мен Италия Премьер-министрі келіссөздер қорытындысы
бойынша Стратегиялық серіктестікті кеңейту жөнінде Бірлескен мәлімдеме
қабылдады. Сапар аясында 8 құжатқа қол қойылды.

