Қазақстанның бірегей мәдени және табиғи мұраны сақтау жөніндегі жұмысы халықаралық деңгейде мойындалды. Еліміздің ЮНЕСКО-ның тиісті комитетіне сайлануы оған дәлел. Республиканың кандидатурасын 118 мемлекет қолдап, өз дауыстарын берді. Айта кетейік, Дүниежүзілік мұра комитеті халықаралық ұйымның ең маңызды және ықпалды басқару органдарының бірі болып табылады.
Асқар Әбдірахманов, Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі:
-Дүниежүзілік мұра комитетінің
құрамына қазақстанның сайлануы еліміздің халықаралық аренадағы жоғары беделінің
арқасы және нәтижесі деп сенеміз. Алдағы уақытта біздің сарапшыларымыз
комитеттің жұмысына лайықты үлесін қосуға дайын, және тиісті тәжірибелері бар.
Естеріңізге сала кетейік, ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра тізіміне Қазақстан аумағындағы 6 нысан кіреді. Атап айтқанда бұлар - Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Таңбалы петроглифтері, Сары-Арқа – Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері, Жібек жолының Чанъань – Тянь-Шань дәлізінің тораптар желісі, Батыс Тянь-Шань және Тұранның суық қысқы шөлдері. Сонымен қатар, адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне тоғызқұмалақ ойыны, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға - «Бурабай» және «Марқакөл» қорықтары, ал ЮНЕСКО материалдық емес мәдени мұра тізіміне - «Ортеке» музыкалық-қуыршақ өнері енгізілді.