Қазақстан мен Өзбекстан Қарағанды облысында тұрмыстық техника мен электроника өндірісін іске қоспақ

Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастық аясын кеңейтуде. Бірқатар ірі бірлескен жобалар қазір өңірлерде жүзеге асырудың түрлі сатысында тұр. Қазірдің өзінде Қарағанды облысында тұрмыстық техника мен электроника өндірісін іске қосу жұмыстары қызу жүргізілуде. 2025 жылы пайдалануға берілетін жоба бірнеше кезеңде жүзеге асырылуда. Зауытта ас үй пештері, шаңсорғыштар, теледидарлар, шағын пештер, кір жуғыш машиналар шығарылады. Өндіріс көлемінің әлеуеті шамамен 9 миллиард долларды құрайды, оның 8 миллиардқа жуығы экспортқа бағытталмақ. Ал Қостанай облысында автокөліктердің шағын бөліктерін құрастыру бойынша өндірісті жолға қою жалғасуда. Жоба келесі жылы іске қосылады. Шымкент қаласында және Түркістан облысында өзбек мақта тұқымын пайдаланатын тоқыма кешендерін құру жобалары белсенді түрде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешеніндегі өзара ынтымақтастық та назардан тыс қалмады. Мұнда тараптар ет, күнбағыс майын, сондай-ақ жеміс-жидек дақылдарын өңдеуге ниетті.