«Жасыл» энергетикаға көшуді жеделдету, жаңартылатын энергия көздеріне
қатысты озық тәжірибелермен алмасу, өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті
нығайту. Орталық Азия елдері XVI Еуразиялық KAZENERGY форумында осы төңіректе
бірқатар уағдаластық жасасты. Форум сессияларының бірі Орталық Азиядағы
энергетикалық көшуді жеделдетуге арналды. Талқылауға аймақ мемлекеттерінің
салалық министрлері, халықаралық ұйымдар және қаржы институттарының өкілдері
қатысты. Олар 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің қуаттарын үш
есеге және олардың тиімділігін арттыру бойынша нақты іс-қимылдарға ерекше назар
аударды. Бұл ретте, Қазақстан қоршаған ортаға көміртегі шығарындыларын азайту
және баламалы қуат көздерін дамыту бағытына басымдық беріп келеді.
Ерлан
Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- Егер бастапқыда бізде жекелеген пилоттық жобалар ғана болса, бүгінгі
таңда елімізде жалпы қуаты 3,2 ГВт астам 158 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. 2025-ші
жылы қуаты 450 МВт асатын тағы 9 жаңа нысанды, ал 2035 жылға дейінгі орта
мерзімде жетекші халықаралық компаниялардың қатысуымен кемінде 8,4 ГВт жаңа
қуатты пайдалануға беруді жоспарлап қойдық. Бұл қадамдар 2030 жылға қарай
Қазақстан қоршаған ортаға зиянды заттардың шығарындыларын 15% қысқартуға, ал 2060 жылға қарай жалпы
көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге бағытталған.
Бұл саладағы заманауи технологиялармен Жаңартылатын энергия көздері
жөніндегі халықаралық агенттік бөлісуге әзір. Сондай-ақ, өңірлік интеграция,
инфрақұрылымды дамыту, заңнаманы жетілдіру және инвестициялар тарту жағыда
басты назарда. Осының барлығы жасыл энергетиканың дамуына ықпал етеді.
Бину
Партан, Irena елдермен өзара іс-қимыл және әріптестік жөніндегі директордың
орынбасары:
- Әзірбайжанмен серіктестік аясында біз Орталық Азияда жаңартылатын
көздерді жедел енгізу жөніндегі бастаманы іске қостық. Бұл тәсіл әлемнің басқа
өңірлерінде табысты іске асырылып жатыр. Біз енді оны барлық мүше
мемлекеттердің қатысуымен өңірде қолдануға мүдделіміз. Негізгі мақсат –
инвестицияларды тарту үрдісін барынша жеделдету.

