Астанада Парижде өтетін паралимпиада ойындарына арналған фотокөрме ашылды

Астана ортасындағы жағалауда жуырда Парижде өтетін паралимпиада ойындарына арналған бірегей фотокөрме ашылды. Онда бірнеше спорт түрлерінде үлкен ерлік көрсетіп, чемпион атанған даңқты атлеттердің картиналары ұсынылды. Осы спортшылардың кейбірі Парижде өтетін жазғы ойындарда ел намысын қорғайды. Пара-спортшылар бәсекесі 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтпек. 

Дидье Канесс, Францияның Қазақстандағы елшісі:

– Бұл көрме екі фотографтың бірлескен жобасы. Оның біреуі франциялық Дидье Эшлар болса, екіншісі – қазақстандық Оспан Әли. Осы екі галереяда паралимпиадалық атлеттердің портреттерін көруге болады. Парижде шамамен 4500 паралимпиадашы бақ сынасады. Олар 22 спорт түрі бойынша сынға түспек. Бұл көрме біз жыл бойы өткізетін мәдени шаралар күнтізбесінде айрықша орынға ие. Биыл көптеген шаралар болса да, әлбетте, Олимпиада ойындарына басты назарымызды бөліп отырмыз.

Айта кетейік, Қазақстан Парижде өтетін Жазғы паралимпиада ойындарына лицензия ұтып алды. Оның біреуін каноэ есуші Жаңыл Балтабаева иеленді. Естеріңізге сала кетсек, отандасымыз Мажар елінде өткен каноэ есуден пара-әлем чемпионатында сәтті өнер көрсеткен болатын. Бүгінде спортшы төртжылдықтың басты спорттық додасына белсене дайындалып жатыр. 

Жаңыл Балтабаева, пара каноэден Ханчжоу-2022 Азия ойындарының қола жүлдегері:

– Бірінші Алла, одан кейін жаттықтырушыларым, сосын өзіме сенемін. Құдай қаласа, бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Мен кеше ғана Польшадан келдім. Ол жақта мен үшін ең қиыны жел болды. 40 күн дайындалдым ол жақтың желіне. Енді қазір, Құдай қаласа, Парижге дейін Польшада отырамыз сборда. 

Еліміздің Спорт және туризм министрлігі мен Қазақстандағы Франция елшілігінің қолдауымен өткізілген фотокөрмені Елорда тұрғындары мен қонақтары тамызға дейін тамашалай алады.