Мемлекет басшысы Үкімет алдына жүктеген
міндеттерді іске асыру үшін берік заңнамалық іргетас қажет. Депутаттар қоғамға
қажетті заңдарды қабылдап қана қоймай, олардың мәнін түсіндіруі тиіс. Бұл
туралы бүгін Мәжіліс спикері мәлімдеді. Ерлан Қошанов Президент сапалы
инвестициялар тартуға, озық технологияларды енгізуге, салық реформасына назар
аударғанын атап өтті. Төменгі палата төрағасының пікірінше, осының барлығы
қазақстандықтардың тұрақты дамуы мен әл-ауқатының өсуін қамтамасыз етуге
мүмкіндік береді. Ол үшін әрбір Парламент депутаты мен фракциялары сапалы жұмыс
атқаруы қажет.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы
- Заңнамалық шешімдердің бәрі халықпен тығыз байланыста қабылдануға тиіс. Өз қызметімізде «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа алып, сайлаушылармен белсенді қарым-қатынас жасауымыз қажет. Мәжілістің Қоғамдық қабылдау қызметі аясында мейлінше тығыз қарым-қатынас орнатып, азаматтардың өтініштеріне айрықша көңіл бөлген жөн. Халықтың пікірі, азаматтардың ерік-қалауы – Мемлекет басшысының саясатының басты өзегі.
Мәжіліс Ресеймен Біртұтас энергетикалық жүйеге қатысты келісімді қабылдады
Сондай-ақ, палата отырысында депутаттар бірқатар заң жобасын
қарап, қабылдады. Атап айтқанда, мәжілісмендер Қазақстан мен Ресей арасындағы
бірыңғай энергия жүйелерінің өзара қатар жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі
үкіметаралық келісімді құптады. Құжат тараптардың энергетика саласындағы
іс-қимылының шарттарын айқындайды. Энергетика министрлігі басшысының айтуынша,
жоспардан тыс электр энергиясының ағынына, сондай-ақ оның еліміздегі
тапшылығына байланысты өзгерістер енгізу қажет.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- 2 жағдайда
төлемнің әртүрлі режимдері көзделген. Біз келіскен 150 мегаваттан аспаса, қазақстан
тарапы электр энергиясының бағасын ғана төлейді, ал ауытқыған жағдайда, яғни
150 мегаваттан жоғары болса диспетчерлендіру бойынша қуат құны басқана
төленеді. Сондай-ақ, Ресей желілері арқылы транзит өтеледі. Сонымен қатар,
нарық субъектілерінің электр энергиясын тапшылығын жабу есебінен сатып алуды жүзеге
асыратын жоспарлы ағындар да бар.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

