Орталық Азия өңірі – шетелдік зерттеушілердің назарында

Орталық Азия өңірі барлық бағыттар бойынша белсенді дамып келеді. Соңғы жылдары бұл қарқын тек үдей түсті дейді, танымал британдық ғалым және бірқатар әлемдік бестселлерлердің авторы Питер Франкопан. Оксфорд профессоры Алматыға сапары аясында қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Жердің айтылмаған тарихы» атты кітабын таныстырды. Көрнекті тарихшы саналы ғұмырының 30 жылдан астамын Орталық Азияны зерттеуге сарп еткен. Сондықтан, ғылыми еңбегінде осы уақытта жиып-терген аймақтың өткені туралы мәліметтермен бөлісіп, заманауи әлемдегі маңызын атап өтті. Жазушының айтуынша, қазіргі таңда өңірге ғылыми қауымдастық тарапынан қызығушылық жоғары екені  байқалады.

Питер Франкопан, әлемдік тарих профессоры, Оксфорд:

– Әлемнің маңызды бір бөлігі саналатын өңір жайында жазылған мәліметтер аз. Мен Орталық Азия туралы университетте көп оқыған жоқпын. Жеке ізденісімде кезіккен ақпараттар мені өзіне еліктіріп әкетті. Оқыған сайын тереңдей түстім. Мен үшін Ұлы Жібек жолы оның бойындағы көне қалалар мен бай мәдениеті өте қызықты әрі аса маңызды болып көрінді. Мен бұл өңірге араға 35 жыл салып қайта келдім. Содан бері айтарлықтай дамығанын көріп отырмын. Бұл оң үрдіс жалғасады деп үміттенемін.