Астанада Қазақстан Президенті телерадиокешенінің үздік
деректі фильмдері көрсетілді. Еліміздің Тәуелсіздік тарихы, қоғам мен мемлекет
өміріндегі маңызды оқиғалар туралы баяндайтын картиналар «Хроникадан болашаққа»
атты республикалық кинолекториі аясында ұсынылған. Ауқымды жоба елордалық
көрермендер назарына бірнеше туынды ұсынды. Олардың бірі - «Арал» фильмі. Онда
теңіз жағасында ғұмір кешкен балықшы Күнтуған Тұрғынбаев туралы баяндалады. Картинада
кейіпкер арқылы экологиялық қасіреттің салдары мен тұрғындардың өңірдің қайта
жаңғыруына деген сенімі көрініс тапқан.
Күнтуған Тұрғынбаев, «Арал» фильмінің бас кейіпкері:
- Арал теңізіне су құйып жатыр, жақсы құйып жатыр. Халықтың
бәрі ырза болып жатыр, Тоқаев мырзаға. Мен екі бастан ризамын. Пәлен жыл балық
аулаған адаммын. Біз көрмегенмен ұрпақтарымыз көрсе, ұрпақтарымыз тіршілік етсе
деген үміт қой біздікі.
Ақылбек Шалжанов, ҚР Президенті Телерадиокешені Деректі кино
орталығының директоры:
- Бұл жалғыз Арал тұрғындарының ғана жарасы емес, бұл бүкіл
мемлекетімізді үлкен проблемасы, әлемнің проблемасы, өйткені экологиялық
жағынан жан-жақта, Лондонда болсын, басқа жерде болсын, сөйленіп жүрген мәселе.
Мемлекет басшысы мұны өзінің қадағалауында ұстап отыр. Ішкі арманым, мақсатымыз
дейміз ба, халықты деректі кино көруге дайындау. Өздеріңіз білесіздер, кинотеатрларда
көбінесе көрсетілетін - көркем фильмдер. Неге, осы деректі кино орталығымыз,
режиссерлар болсын, деректі киноға жұмыс істейтіндер, неге осылай
кинотеатрларда көрсетпеске.
Каспий теңізі айдынында құлазыған аралдағы
гидрометеорологиялық станция басшысының тағдыры мен экологияға алаңдаушылығы
аудиторияға үлкен әсер қалдырды. «Құлалы аралындағы адам» фильмінде Президент
телерадиокешенінің деректі кино орталығының түсірілім тобы өмірінің басым
бөлігін жағалаудан жырақта өткізген адамның бірегей тарихын көрсеткен. Елорда
тұрғындары мен қонақтарына «Қуатты серіктес» фильмі де ұсынылды. Онда Мемлекет басшысының күншығыс еліне сапары,
сондай-ақ өткен жылы Токиода өткен «Орталық Азия + Жапония» саммиті туралы
баяндалады.
Бақтығали Иғали, оқушы:
- Қазақстан мен Жапония арасындағы саяси қатынастар туралы
айтылады. Білу керек, елімізде не болып жатқанын, қандай саяси қарым-қатынас
болып жатқанын. Мысалы жапония елі өте дамыған ел. Осы фильмнің мәліметі өте
көп, және жастарға қарауға кеңес беремін.
«Хроникадан болашаққа» кинолекториі Қазақстанның 20
қаласын қамтиды. Көрсетілімдер өңірлік әкімдіктердің қолдауымен өтпек, ауқымды
жоба 25 қыркүйекте Алматыда аяқталады.

