Қазақстанда тас дәуіріне тиесілі жәдігерлер табылды

Ғалымдар Қазақстанның жер қойнауы көненің көзі, ескінің сынығы шоғырланған тарихи мекен екенін дәйектейтін тағы бір сенсациялық жаңалық ашты. Жамбыл өңіріндегі «Ақтоғай» үңгірінен тас дәуірінен қалған жәдігер табылды. Ғалымдар қазына мен жұмбақ сырға толы ежелгі үңгір - адамзат алғаш мекендеген орындардың бірі екенін айтады. Отандық және шетелдік мамандар бірлескен археологиялық экспедиция барысында тас сынықтары, ұсақ малдың сүйектері мен таутекенің омыртқалары қазып алынды. Табылған жәдігерлерге арнайы зерттеу жүргізіледі. Мамандар болашақта тарихи маңызы бар көне мекенді ашық аспан астындағы музей қылсақ деген ойда.

Қуаныш Дәурембеков, «Тарихи-мәдени ескерткіштер қорығы және қалпына келтіру дирекциясының» директоры:

- Мұнда шыққан алғашқы нуклеустер, сүйек қалдықтары, басқада еңбек құралдары, от жаққан оттың орындары шын мәнінде айқын көрінді. Мамандардың түсіндіруі бойынша ғылыми жұмыстардың бұдан да терең жүргізілуін қажет етеді.

Жәкен Таймағанбетов, ҚР Ұлттық музейінің бас ғылыми қызметкері:

- Ең қызығы, топырақтың қалдығын алып, оған талдау жасаған кезде жәдігерлер, табылған сүйектер сол 23 мың жыл бойы жерде жатқан. Соны, енді, биыл Нью-Йорк университетімен келісімге келе отыра, қаржыны сол жақтан тауып, қазір осында Нью-Йорк университетінің студенттері мен докторанттары келіп, осы жерде тәжірибеден өтіп жатыр.