Орталық Азия ғалымдары Ислам өркениетінің дамуын бірігіп зерттейді

Шығыстанушы ғалымдар Орталық Азияда Ислам өркениетінің даму тарихын бірлесіп зерттеуге ниетті. Бұндай көпжақты әріптестік Өзбекстандағы Ислам өркениетінің мәдени және ғылыми орталығы алаңында іске аспақ. Ташкентте құрылысы 7 жыл бұрын басталған ірі нысанды жыл соңына дейін қолданысқа беру жоспарланған. Күмбезінің биіктігі 64 метр, аумағы 60 мың шаршы метрді алатын бас ғимарат 10 экспозициялық залдан тұрады. Орталықта мұражай, академия, кітапхана, орналасады. Яғни олардың қорында жиналған мыңдаған жәдігерлер, сирек кітаптар мен көне қолжазбалар шығыстанушы ғалымдарды біріктіреді.

Фирдавс Абдухаликов, Ислам өркениеті орталығының директоры:

- Біз үшін бұл бағытта ынтымақтастық құру маңызды. Бұл орталық өзара әріптестік орнатудың тұғырнамасы болмақ. Біз орталықтың екінші қабатында арнайы кеңселер саламыз. Оларды ең алдымен ежелден достығымыз жарасқан қадірлі Орталық Азия елдерінің ғалымдарына тегін түрде ұсынатын боламыз. Яғни, осы жерде бірлескен жобалар жасаймыз. Бұл бұрыннан бергі ортақ алаңымыз. Сондықтан, түбі бір ұлы тарихымызды зерттеуде жұмыла еңбек етуге шақырамыз.

Мәулен Садықбеков, «Әзірет сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры:

- Мәдениетіміз біте қайнасып жатқан көршілес елміз. Қаншама жылдар бойы тарихи кезеңдерден бірге өткен елміз. Әріптестік қарым-қатынас міндетті түрде болады. Қазір Әзірет Сұлтан музейі және осы орталық арасында меморандумға қол қою мәселесі қарастырылып жатыр. Қол қойған, соң тығыз жұмыс жасаймыз деген сенімдемін.

Тарихы тереңнен тамыр алатын Самарқанд қаласының маңында ислам әлеміндегі ұлы тұлғалардың бірі имам Әл Бұхаридің қабірі бар. Ғалымның жатқан жерінде 1998 жылы кесене салынған. Қазір ол толығымен жаңартылып жатыр. Келер жылы бұл алаң аса ірі мемориалдық кешенге айналмақ. Бұнда тек музей емес. мұсылмандар басқармасы, академия мен үлкен кітапхана орналасады. Зиярат құрушылар үшін түрлі заманауи инфрақұрылымдық нысандар бой түзейді. Кешеннің басты сәулет құрылысы бір мезгілде 9 мың адам намаз оқитын үлкен мешіт болмақ. Жалпы, бұл киелі мекен жылына 5 млн адамға дейін қабылдайды деп күтілуде.

Юсуф Абдуллаев, Самарқанд халықаралық технологиялық университетінің ректоры:

- Бұл бірегей алаң 48 мың шаршы метр жерді алып жатыр. Оның 4 мың шаршы метр аумағында бақтар жайқалып, гүлзарлар орналасады. Бұл сәулеті келіскен кесене шынымен бірегей. Ғимараттың құрылысына тек сапалы материалдар қолданылуда. Кешен заманауи халықаралық ғылыми орталыққа айналады.