Ұлы Отан соғысының жеңісі ортақ ерлік, ортақ тарих. Мұны алдыңғы буын ағалар мен бүгінгі ұрпақ жақсы біледі. Астанада батыр бабалардың ерліктері ұлықталған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Ресейдің әскерилері мен сарапшылары соғыс тарихын түгендеуде бірлеседі. Майдан даласында ондаған миллион азамат қаза тапты. Олардың арасында барлық ұлттың өкілдері болды. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деп ұрандатқан тыл еңбеккерлерінің де үлесі өлшеусіз. Ұрыс даласында атылған 10 оқтың 9-ы Қазақстанда жасалды.
Бегім-Мұрат Ілиясов, полковник, техникалық ғылымдар
кандидаты, профессор:
- Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың немересі боламын.
Атам 1942 жылы 20 жасында соғысқа аттанған. 25 жасында Кеңес Одағы батыры
атағын алды. Бұл қазіргі жастарға үлгі. Соғыста өткен жолдары және соғыстан
кейін істеген іс-шаралары, ауыл шаруашылығы саласын көтергені жөнінде сабақ
болсын деп баяндама дайындадым.
Асқар Мұстабеков, ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің
бастығы:
- Соғыс жылдары 497 қазақстандық Кеңес Одағығының батыры
болған деп айтылып келді. Алайда, соңғы зерттеулер бұндай жоғары аттаққа ие
болған жерлестеріміздің қатары 500-ден асатынын көрсетіп отыр. Меніңше, алдағы зерттеулеріміз
сол сұрапыл жылдары ерлігімен танылған өзгеде белгісіз отандастарымызды
анықтайтынына сенімдімін. Отан үшін от кешкен бабаларымыздың ерлігі елеусіз
қалмауы тиіс.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

