Ақтөбе өңірінде XVIII-XX ғасырларда өмір сүрген тарихи және діни қайраткерлер туралы материалдар жинау мақсатында жергілікті мұражай қызметкерлері мен өлкетанушылар киелі жерлерге саяхатқа аттанды. Бұл жолы сапар бағыты өңірдің Хромтау және Әйтеке би аудандарындағы тарихи мекендерді қамтымақ. Оның арасында Бекқұл баба, Ойсылқара секілді киелі орындар мен Әбілқайыр ханның жерленген жеріне де бару көзделген. Бұл жұмыстар «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» экспедициясы аясында қолға алынған. 2017 жылдан бері аталған жобаның арқасында облыстың бес ауданында зерттеу жүргізіліп, жүздеген орын анықталды. Зерттеу қорытындысы бойынша ғылыми еңбек жарық көреді.
Арынғазы Беркімбаев, өлкетанушы:
- Каталог, кітаптар, журналдар шығарылады. Аймақ тарихын сүйетіндер үшін ғаламторда, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында материалдар қолжетімді болады.
Қыдырғали Ермұқан, экспедиция жетекшісі:
- Өткен жылдары арнайы фильмдер шығарып жүрдік. Ақтөбе облысының рухани-діни орындары мен ірі тұлғалары, Ойылдағы Сүлеймен әулие, Алғадағы Есет батыр және басқа да тұлғалар түсіріліп, фильм арқылы әрбір жұма күні көрсетіліп отырды. Енді биыл осыны жинақтап, мүмкіндігіміз келсе, қайтадан көрсетуге еңбек етеміз.