Астанада Еуропа мен Азия опера сахналарының саңлақтары Опералия
фестивалінде өнер көрсетіп жатыр. Іс-шарада Испания, Италия, Қазақстан, Қытай,
Ресей, Тәжікстан, Грузия, Украина және Чехиядан танымал әртістер өз өнерлерін
паш етті. «Астана опера» театрының солистері үшін бұл фестиваль нағыз өнер
мерекесіне айналған. Олар итальялық әртістер Дезире Ранкаторе, Альберто Газале
және Джулио Пеллиграмен опера өнері жауһарларынан ариялар орындады. Сахна
сәніне айналған туындылардың бірі отандық «Турандот» операсы.
Еренбақ Тойкенов, «Астана Опера» театрының режиссеры:
- Біздің көрермендер қойылымдарға келген кезде, шетелге
бармай-ақ, осы жерден әлемдік сахнада жүрген әртістерді көруіне болады. Жалпы,
біздің қойылымымыздың өзі Еуропалық стандартқа сай, әлемдік сахнада мақтан етіп
көрсете алатындай болған операның бірі осы – «Турандот» болды.
Жалпы шара қазақстандық опера өнерін насихаттайтын алаңға айналды.
Көрерменге «Еңлік – Кебек», «Қыз Жібек», «Алпамыс» және «Қамар сұлу»
операларынан үзінді қойылды. Қонақтарға Анвара Садықова мен Алмат Шамшиевтің
хореографиясына қойылған «Жәрмеңке» атты
жаңа би қойылымы ұсынылды.
Еренбақ Тойкенов, «Астана Опера» театрының режиссеры:
-Менің байқағаным, көбінде шетел азаматтары өте үлкен қызығушылықпен қарайды. Себебі, классикалық шығармалар барлығына таныс. Әлемдік театрларда көреді, репертуарда бұрыннан бар, таныс нәрсе. Ал ұлттық операмыз экзотика олар үшін. Бейтаныс операны көргеннен кейін, олар үшін өте қызық. Соны асыға күтеді. Әсіресе, біздің «Абай» операсы, «Қыз Жібек» операсына шетелдіктер өте көп келеді.
Жақын арада Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына «Махаббат сусыны»-
2 бөлімді операсы ұсынылады. Ондағы рөлдердің басым көпшілігін Халықаралық Опера
Академиясының түлектері сомдамақ. Бұл жас әртістердің үлкен сахнадағы алғашқы
елеулі жұмысы.