Семей қаласында қазақтың ұлы ақыны, философ және ағартушы
Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған салтанатты шара басталды.
Мерейтойлық іс-шаралар аясында этноауыл ашылды. Этноауыл аумағында оннан астам
киіз үй бой көтерген. Әрқайсысы — бір-бір мәдени кеңістік. Салт-дәстүрлер
сахналанып, ұлттық құндылықтар шынайы көріністермен ұсынылып жатыр. Келушілер қазақ тағамдарынан дәм татып, түрлі көрмелерге
барып, жергілікті әртістердің концерттік бағдарламасын да тамашалай алады.
Этноауылда қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату және басқа да ұлттық спорт
түрлерінен ашық қалалық чемпионаттар өтеді. Сонымен қатар, этноауылда
қолөнершілердің «Асыл мұра» облыстық фестивалі басталды. Өңірдің үздік
шеберлері теріден, киіз бен ағаштан жасалған ұлттық киімдерді, әшекейлер мен
бұйымдарды көпшілік назарына ұсынды.
Сәкен Назарханұлы, қолөнер шебері:
- Өзімнің жеке қолтаңбамды алып келдім. Оның ішінде айта
кететін Абай Құнанбаевтің кезінде, заманында ұстаған кісе белбеудің көшірмесін
жасап отырмын. Енді мына 180 жылдыққа байланысты сол түпнұсқасының кішкене
біраз тозған жерлері бар. Ал мен мына көшірмені болашақта жастарға, халықтар
көріп, сол заманды көз алдарына елестету үшін көшірмесін жасап, күшімді салдым.

