Олжас Бектенов Каспий маңындағы елдерді теңіз деңгейінің төмендеуімен бірлесе күресуге шақырды

Олжас Бектенов Каспий маңындағы елдерді теңіз деңгейінің төмендеуімен бірлесе күресуге шақырды

Қазақстан Премьер-министрі Ресейдегі Алтай Республикасындағы бірінші Халықаралық экологиялық конференцияда Каспий суының тартылуы мәселесін көтерді. Олжас Бектенов атап өткендей, теңіз деңгейінің төмендеуінің алдын алу үшін Каспий маңы мемлекеттері арасындағы өңірлік өзара іс-қимылды жандандыру қажет.


Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:


– Су объектілерін трансформациялаудың қоршаған ортаға және шаруашылық қызметке әсері Қазақстан үшін өзектілердің бірі. 2000-шы жылдардың басынан бері Каспий теңізі деңгейінің төмендеу үрдісі байқалады. Осы және өзге де проблемаларды зерттеу үшін Каспий теңізі Қазақ ғылыми-зерттеу институты құрылды. Ғалымдардың болжамдары көңіл көншітпейді. Осынау бірегей су айдынын сақтап қалу үшін барлық Каспий маңы мемлекеттерінің батыл үйлестірілген іс-қимылы қажет

Су тақырыбына қатысты сөйлеген сөзінде Олжас Бектенов Арал маңындағы жағдайға да назар аударды. Елімізде оны қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, Көкарал бөгеті нығайтылуда, Сырдария сағасы қайта қалпына келтірілуде, балық саласын қолдау және бұрынғы теңіздің кеуіп қалған түбін көгалдандыру бойынша жобалар іске асырылуда. Бүгінде Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорын басқарады.  Сондай-ақ Премьер-министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы жөнінде айтты. Олжас Бектеновтың айтуынша, бүгінде ол ауқымды экологиялық қозғалысқа айналды. Табиғатқа, туған жерге ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастама аясында су қоймаларының жағалауларын тазарту, ағаш отырғызу бойынша экоакциялар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?