Қазақстан 2030 жылға дейін
теңіз порттарының өткізу қуатын 30 млн тоннаға дейін ұлғайтады. Еліміз халықаралық
жүк тасымалы көлемін арттыру мақсатында инфрақұрылымды дамытуда. Мәселен,
Ақтау, Құрық, Баутино порттары және Саржа, Ерсай мен Солтүстік терминалдарында
бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Көлік министрлігінің мәліметінше, аталған
нысандарда қосымша контейнер сақтайтын қоймалар салынып, жүктеуші техникалар
жаңартылуда. Одан бөлек, логистика модернизациядан өтіп, кеден және әкімшілік
тәртіп жеңілдетілуде. Құрық портының акваториясында тереңдікті арттыру
жұмыстары де жүргізіп жатыр. Аталған шара Ақтаудағы портта да көзделген. Ал,
Баутино портында кеме қозғалысын зерттеу жүйесі іске қосылды. Ол теңіздегі жүзу
қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, кемелердің апатқа ұшырауына жол бермейді. Бұл
жұмыстар – Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға арналған кешенді
шаралардың бір бөлігі. Ол дәліз арқылы жүк тасымалының артуына байланысты
қажеттіліктерді өтеуге септігін тигізеді. Айта кетейік, Орта дәліз арқылы жүк
тасымалдау көлемі 7 ай ішінде 62 процентке өсіп, 2,5 млн тоннаны құрады.