Қазақстан инвестициялық тартымдылығы жоғары ТОП-10 мемлекеттердің қатарына
кірді. Мұндай мәліметтерді fDi Intelligence халықаралық агенттігінің
сарапшылары жариялады. Олар макроэкономикалық көрсеткіштерді, тартылған қаражат
пен тікелей шетелдік инвестициялардың бағытын саралаған. Қазақстан рейтингте 6
орынға тұрақтап, Әзербайжан, Марокко, Сербия мен Үндістан секілді елдердің
алдын орап кетті. Рейтингте Камбоджа көш бастап тұр. Жалпы, бұл инвестициялық
анализде Африка, Таяу Шығыс, Еуропа мен Азия құрлықтарындағы мемлекеттердің
көрсеткіштері салыстырылды. Сарапшылардың пікірінше, Азия – ірі бизнес өкілдері
үшін ең қызық дүние бөлігі. Себебі, рейтингке Сары құрлықтың бірден 6 елі
ондыққа кірді. Қазақстан бұл топтағы өзінің көрсеткіштерін жақсарта алады.
Себебі, елде инвестициялық саясат тиімді жүргізіліп келеді. Мәселен, салық
заңнамасы жаңғыртылып, кәсіпкерлердің құқығын қорғау жолға қойылды. Ал, кредит
рейтингін өзге де Fitch, Moody’s, Стандарт энд Пуэрс секілді халықаралық
агенттіктер растап отыр. Еліміз Орта Азияға тікелей салынған инвестиция бойынша
оқ бойы озық тұр. Қазақстанның үлесінде шетелдік қаржының 70% бар. 2022 жылы
елімізге салынған инвестиция 20 процентке артып 28 млрд долларға дейін жетті.
Жандос Темірғали, «Kazakh
Invest» ҰК
басқарма
төрағасының
міндетін атқарушы:
- Бұл ретте, әлбетте, Қазақстанмен бұрыннан бері жұмыс
істеп келе жатқан елдер көш бастап тұр. Олар: АҚШ, Қытай, Еуропалық Одақ елдері
бар. Сондай-ақ, осы алпауыттардан бөлек, дәстүрлі әріптестерімізге айналған
Түркия секілді мемлекеттер де бар. Біздің, сонымен қатар, Мысырмен де соңғы
жылдары әріптестік қарым-қатынастарымыз жақсы дамып келеді. Нақтырақ айтсақ,
агроөнеркәсіп кешені мен фармацевтикада тиімді әріптестікке қол жеткізіп
отырмыз.
Жалпы, 2023 жыл Қазақ инвест өкілдерінің айтуынша, инвестициялық белсенділіктің
артуымен есте қалары анық. Шетелдік кәсіпкерлер қазақстандық жобаларға жоғары
қызығушылық танытты. Бір қуантатыны, олар тек шикізат көздеріне ғана емес,
сондай-ақ, қайта өңдеу өнеркәсібіне, ауыл шаруашылығына, мұнай-химия мен
логистика салаларында жұмыс істеуге ниет білдіріп отыр. Шетелдік инвесторларды
қызықтырудың қосымша факторының қатарында Қазақстанның тиімді географиялық
орналасуы да бар екенін естен шығармау керек. Себебі, ол – Еуропа мен Азияны байланыстыратын көлік
торабы.