Цифрландыру ұлттық дәстүрді де заманауи технологиялармен
үйлестіріп, Наурыз мерекесіне өзгеше рең береді. Мұндай өзгеріс дәстүрлі
құндылықтарды жастар мен балалар үшін анағұрлым қызықты әрі тартымды ете алады.
Наурызда роботтар көрсетілетін интерактивті алаңдар, AI-фотоаймақтар
жасақталып, жасанды интеллект мүмкіндіктері көрсетіледі. Озық технологиямен
түрленсе де, мерекенің мәні бұрынғысынша - адамдарға қуаныш, жылу мен бірлік
сезімін сыйлау болмақ. Бұл туралы Ұлттық музейдің директоры Берік Әбдіғалиұлы
айтты.
Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Ұлттық музейінің директоры:
- Қалай болғанда да, жасанды интеллект дәстүрлі
құндылыққа бейімделеді, мәдени сипат сақталады. Айталық, Наурыз көженің дәмі
өзгермейді. Ұлттық дәстүрлеріміз қаз қалпы сақталады. Менің түсінуімше, бұл
құндылықтарымызға жасанды интеллект қызмет етеді, қандай да бір жаңашыл цифрлы
элементтермен толықтырады. Мұндағы мақсат, жастарды, әсіресе балаларды баурап
алу. Меніңше, дәл осындай сандық технологиялар, жасанды интеллект осы мерекені терең
түсінуге, насихаттауға көмектеседі.

