Беларусьте Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған әдеби кеш өтті

Беларусьте Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған әдеби кеш өтті

Беларусьте әлемдік әдебиет классигі, қазақстандық ғалым, драматург Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы атап өтілді. Шығармашылық кеш көсемсөз шеберінің аты берілген Минскідегі мектептердің бірінде ұйымдастырылды. Жиынға қазақ тілін үйреніп, мәдениеті және тарихымен танысып жүрген 30-дан астам оқушы, сондай-ақ беларусь тіліне «Абай жолы» роман-эпопеясын аударған ақын және әдебиеттанушы Михаил Поздняков қатысты. Ол осы шығарманың негізінде фильм түсіруді ұсынды.

Айта кетейік, Қазақстанның Беларусьтегі елшілігі білім ұясына орыс жазушысы Анатолий Кимнің осы туындыны аударған соңғы басылымдарының бірін тарту етті.

Асхат Мұқашев, Қазақстанның Беларусьтегі елшілігінің кеңесшісі:

- Биыл біз Қазақстан мен Беларусь арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын атап өтеміз. Бұл күннің мән-маңызы зор. Оқу жылын Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған іс-шарадан бастағанымыз өте орынды деп санаймын. Өйткені, дәл осы мектеп бүгінге дейін Қазақстан, қазақ әдебиеті және мәдениетімен жақсы таныс түлектердің бірнеше буынын шығарып үлгерді. Елшілік осы білім мекемесін қазақ тілін үйренуге арналған оқу-жабдықтармен қамтамасыз етті. Қазіргі таңда Абай Құнанбаевтың туған жеріне мектеп ұжымы мен оқушылардың сапарын ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Вадим Панасевич, Мұхтар Әуезов атындағы №143 мектеп директоры:

- Біздің мекеме оның есімімен аталатындықтан, бірлігіміз жарасқан Қазақстан халқының салт-дәстүрлерін құрметтейміз. Берік достыққа негізделген қарым-қатынастың әлеуетін арттыруды одан әрі жалғай беретін боламыз. Білім беру үдерісі аясында мектепте қазақ тілін үйретуді де үзбей жүргізуге бел будық. Ол үшін арнайы жабдықталған сынып ашылды. Осы бағытта ынтымақтастық аясы кеңейе бермек. Алдағы уақытта Қазақстан және Беларусь мектебтерінде бір мезгілде бірлескен сабақтар ұйымдастыру көзделген. Мақсат - қос жақтың ортақ құндылықтарын дәріптеп, ерекшеліктерін талқыға салу.

Сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар аясында Минск мектебінің оқушылары мен ұстаздары онлайн форматта халықаралық оқырмандар конференциясына қатысуды жоспарлап қойған.