Мұнай-газ машина жасау саласын дамыту форумы өтті

Мұнай-газ машина жасау саласын дамыту форумы өтті

Қазақстандық үлесті арттыру, импорттық тауарлардың кедендік шектеулері мен өндірісті халықаралық талаптарға сәйкестендіру. Осы және өзге де мәселелер мұнай-газ машина жасау саласын дамыту тақырыбында Елордада өткен  форум барысында талқыланды. Бүгінде саланың тауар сатып алу мен қызмет көрсету үлесінің 75%-ке жуығы үш ірі отандық операторға тиесілі. Ендігі мақсат бұл жұмысты біріздендіріп, жүйені автоматтандыру, өнім шығару мен қызмет түрлерін арттыру. Қазір бұл орайда жергілікті нарықтың әлеуетін терең зерттеуге ден қойылып отыр. Бұл іспен былтырдан бері елімізде құрылған мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған орталық айналысады. Олармен бүгінге дейін қара алтын мен көгілдір отын өндірісіне қатысты 35 мыңнан астам тауар аталымы сарапталып терең талдау жасалған. Нәтижесінде барлық ірі үш оператордың алдағы 10 жыл ішінде сұранысына ие болатын 19 маңызды тауар түрі анықталды. Яғни, бұл деректер өндірістің қаржылық және техникалық мүмкіндіктерін толық білуге жол ашады- дейді, сала мамандары.   

Марат Кәрімов, мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған орталықтың Бас директоры:

 – Басты мақсаттардың біріншісі операторлардан алған ақпаратты біріктіріп, талдау болып табылады. Сонымен қатар жергілікті нарықты зерттеу керек. Тағы бір екі бағыт бұл отандық және шетелдік инвестицияларды тарту және жергілікті мекемелердің көкейкесті мәселелерін талдап, олардың шешу жолдарын мемлекеттік органдар мен ірі операторларға жеткізу көзделген.  2021 жылы біз 3 тауарлық топ бойынша жұмысты бітірсек, биылға жоспарымыз бойынша алдағы уақытта 4 тауар тобы бойынша жұмыс істейтін боламыз. Ол да шектеулі емес, бұл жұмыс өзінің жалғасын табатын болады.