Қазақстанда жасанды интеллект ұлттық кластері құрылады. Бес жыл ішінде осы бағытқа миллиард доллардан астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы «Digital Almaty 2021- Жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» атты халықаралық форум қатысушыларына бейнеүндеу жолдаған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті. Мемлекет басшысы негізгі екпін ақылды экожүйені құруға бағытталатынын атап өтті. Оның мүмкіндіктеріне көптеген салалық деректі талдау кіреді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Осы мақсатта Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Назарбаев Университетінің базасында жасанды интеллектінің ұлттық кластері құрылады. Ауқымды ақпаратты тиімді өңдеу үшін деректер орталықтары жасақталады.
Мемлекет басшысы бұл Қазақстанда оффлайн режимде өтіп жатқан алғашқы халықаралық шара екенін атап көрсетті. Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиядан кейінгі кезеңде цифрландыру үрдісі күшейе түсетінін жеткізді. Оның айтуынша, коронавирус барлық технологиялық салалардың дамуына тың серпін берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Телемидицина қарқынды дамып келеді. Бұлтты технологиялар жаңа деңгейге көтеріліп, е-үкімет пен қашықтықтан оқыту платформаларына сұраныс артты. Қазақстанда мемлекеттік қызметтің 90 проценті электронды форматта көрсетіледі. Дағдарыс кезінде 6,5 млн адам сандық жүйелердің көмегімен мемлекеттің қолдауына ие болды.
Шараға қатысқан Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің үкімет басшылары салық саласына блокчейн технологиясын ендіру және өзге де мәселелерді талқыға салды. Беларусь премьер-министрі қауымдастық мүшелеріне «ақылды қала» бірлескен жобасын әзірлеу туралы ұсыныс жасады. Ол коммуналдық, көлік, жол инфрақұрылым салаларындағы жұмысты жетілдіруге көмектеспек.
Әнуар Ахметжанов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:
- Бірінші кезекте, Еуразиялық экономикалық одақтың тәжірибесі қызықтырады, өйткені одақ аясында заңнама үйлестірілген. Ресей, Беларусь және өзге де әріптестеріміздің тәжірибесіне де назар аударамыз. Қазақстан соңғы жылдары бұл салада елеулі жетістіктерге қол жеткізді, сондықтан бәздің де бөлісер тәжірибеміз бар.