Инвестициялар тарту, қор және көміртегі нарығын дамыту. Қазақстан Президенті «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес отырысында бірқатар міндеттер қойды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық капитал нарығындағы қарқынды өзгерістер, жаңа халықаралық сауда-экономикалық байланыстардың қалыптасқанын атап өтті. Сондай-ақ елдер арасындағы интеграциялық процестердің нығаюы, қаржы ағынын қайта бөлу жайын да назардан тыс қалдырмады. Президенттің пікірінше, қазіргі сын-қатерлер мен өзгерістер Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Осы орайда «Астана» халықаралық қаржы орталығының рөлі маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Салыстырмалы түрде алсақ, қысқа мерзім ішінде АХҚО айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Инвестиция тарту үшін өте ыңғайлы жағдай жасалды. Оның аймақта баламасы жоқ. Инвесторларымызға қолайлы салық, виза және еңбек режимі ұсынылды.
Әр инвесторды жеке және кешенді қолдау қағидалары енгізілді. Әділ әрі бейтарап сот жүйесі құрылды. Жаңа цифрлық шешімдердің арқасында IPO-ға қатысу Қазақстанның барлық тұрғынына қолжетімді болды
Мемлекет басшысы орталық алдында аймақтағы табысты қаржылық хаб ретіндегі мәртебесін нығайту міндеті тұрғанына назар аударды. Бұл әсіресе инвестиция тартуға қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Орталық қазірдің өзінде АҚШ, Еуропа, Ұлыбритания, Азия және Таяу Шығыс елдеріндегі бірқатар серіктестермен тығыз ынтымақтастық орнатты. Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясының ірі компанияларымен инвестициялық жобаларды ілгерілету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі АХҚО-ның инвестициялық әлеуетін және Қазақстан экономикасын айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік береді. Дегенмен Орталық Үкіметпен және ұлттық институттармен өзара ықпалдастығын жандандырып, реттеуші базаны жетілдіруді жалғастыруы қажет.
Президент табиғи апаттардың зардаптарымен күресу үшін мемлекеттік сақтандыру қорын құру туралы тапсырма берді. Мұндай қаржылық тетіктер төтенше жағдайларға қарсы тұруға көмектеседі. Оны құру жөніндегі мәселені зерделеумен Үкімет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, «Астана» халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп айналысады.