Мұнайдың әлемдік бағасы қымбаттады. Осылайша, биржалардағы қара алтын құны аптаның басындағы құлдыраудан кейін қайта қалпына келді. Ақпаратқа сәйкес, «Brent» маркалы мұнайға қыркүйек айындағы келісімшарттар бір жарым доллардан астамға өскен.
Биржада қара алтын құны бір баррель үшін 73,5 доллардан саудалануда. WTI фьючерстері 71 доллардан жоғары бағаланып отыр. Оң құбылысқа АҚШ-тағы мұнайдың коммерциялық қорындағы өсім туралы жаңалықтар себеп болған. Бір апта ішінде оның көлемі бірден 2 млн баррельге артқан. Сарапшылардың пікірінше, бұл жолы инвесторлар АҚШ Энергетика министрлігінің деректерін есепке алмай, әлемдік экономиканың тез қалпына келуіне бәс тігіп отыр.