Қазақстанның ұны АҚШ нарығына шықты

Қазақстанның ұны АҚШ нарығына шықты

Қазақстанның ұны АҚШ нарығына жетті. Отандық өнімнің алғашқы 50 тоннасы Нью-Йоркке жеткізіліп, Eurasian Legacy - «Еуразиялық мұра» брендімен Amazon мен Walmart секілді ірі онлайн дүкендерде сатылымға шықты. Қазірдің өзінде оны бірқатар америкалық наубайхана пайдалана бастаған. Қаптамада  «Product of Kazakhstan»  шығарылған жері көрсетілген. QazTrade-де айтылғандай, бұл біздің еліміздің сапалы және экологиялық таза өнімдерді жеткізуші ретіндегі имиджін қалыптастырады. Сондықтан Қазақстанда жасалған тауарлар шетелдерде үлкен сұранысқа ие. Қазіргі таңда АҚШ мейрамханаларына ұн жеткізуге қатысты келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, сол елдегі ритейл-желісіне шығарудың мүмкіндіктері де қарастырылуда. АҚШ нарығын бағындыру еліміздің жаңа стратегиясы аясында қолға алынды. Алдағы уақытта 100 тоннаға дейін отандық өнімді жеткізу жоспарланып отыр. Жақында, Қазақстан Президенті Жолдауында экономиканы әртараптандыру қарқынын арттыру қажеттігін атап өткен болатын. Бұл ретте агроөнеркәсіп кешенінің өнімдерін терең өңдеуге басымдық берілмек.

Айтмұхаммед Алдажаров, «QazТrade» сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры:

- Біз ұнмен ғана тоқтап қалмаймыз. Сондай-ақ, біздің майымыз, қарақұмық, талқан мен шоколадты да таныстырдық. Олардың алғашқы жеткізілімі 1 тонна шамасында болады. Өнімдеріміз америкалық нарықта сұранысқа ие болу үшін оларды жергілікті ритейл желілер арқылы шығару керек. Қазіргі басты мақсатымыз осы. Сонда ғана тұрақты экспортқа қол жеткізе аламыз.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?