Биыл Балқаш және Құлсары, Сәтбаев пен Хромтау қалаларында индустриялық
аймақтар құрылады. Ал, Екібастұз қаласында құны 140 млрд теңге шамасында
болатын ферроқорытпа зауыты салынады. Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында
Премьер-Министр Олжас Бектенов моноқалаларды дамыту мәселелері бойынша
республикалық кеңес өткізді. Жиында Үкімет басшысы Президент тапсырмасына
сәйкес шағын шаһарлардың әлеуметтік-экономикалық дамуына талдау жүргізілгенін
айтты. Нәтижесінде моноқалалар үш топқа бөлініп, әрқайсысы үшін басым
іс-шаралар айқындалды. Олардың қатарында инженерлік және әлеуметтік
инфрақұрылымды жаңғырту, IT, агроөнеркәсіптік кешен, туризм және ғылым
саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру, индустриялық және шағын
өнеркәсіптік аймақтар қалыптастыру жұмыстары бар. Қазір елімізде 20 моноқала
бар. Өнеркәсіп өндірісі көлемінің үштен бірінен астамы осы шаһарларға тиеслі.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- «Біз, әрине әрбір қалада аурухана, мектеп, стадион және басқа да
әлеуметтік нысандар сала аламыз, бірақ жұмыс болмаса, ешкім ол жақта тұрмайды.
Сондықтан инвесторлар тартуымыз керек, оларға қажетті жағдай жасау қажет.
Оларға бос тұрған ғимараттарды, жер телімдерін ұсынып, жаңа кәсіпорындар ашуға
жағдай жасау керек. Егер мұндай тәсіл болмаса, онда ешқандай даму болмайды. Біз,
қазір Саран, Екібастұз және басқа қалаларда нәтижелер бар екенін көріп отырмыз,
бірақ бұл бағытта белсендірек жұмыс істеу керек».
Олжас Бектенов аймақта Президенттің өнеркәсіпті, тұрғын-үй коммуналдық
шаруашылығы және агоөндірістік кешенді дамыту жөніндегі тапсырмасының орындалу
барысын тексерді. Үкімет басшысы «Saran» индустриялық аймағының кәсіпорындары
мен өңірдегі өзге де бірқатар өндіріс ошақтарына барды. Осындағы шахталардың
және жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан
іс-шаралармен танысты. Энергетика және ауыл шаруашылығы салаларындағы жобаларға
назар аударылды. Премьер өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне мүдделі
органдармен бірлесіп кәсіпорындардың қуаттарын тұрақты жүктеуді және сабақтас
өндірістердің бүкіл тізбегін дамытуды қамтамасыз етуді тапсырды.

