Қазақстанда атқарушы билік қызметін бюрократиядан арылту шаралары қолға алынады. Тиісті Жарлық бүгін Ақорда сайтында жарық көрді. Құжатта бюрократиядан арылтудың негізгі қағидаттары айқындалған. Негізгі басымдық мемлекеттік органдардың азаматтармен, бизнеспен және бір-бірімен цифрлық форматта іс-қимыл жасауына беріледі.
Атап айтқанда, ақпараттық жүйелерде бар мәліметтерді мемлекеттік органдардың сұратуына тыйым салынады. Ал қағаз түріндегі құжаттарға бұрыштама соғу және олардың парақтарына алдын ала қол қою жүйесі түбегейлі жойылмақ. Сәйкесінше норма шығару және бюджет үдерістерінің мерзімдері мен кезеңдері екі есе қысқарады.