Қазақстан мен Финляндия 15 жаңа құжатқа қол қойды. Бұл келісімдер екі жақты қарым-қатынастардың кең ауқымын қамтиды. Тараптар экология, су ресурстары, ғылым, энергетика және туризм сынды негізгі салаларда өзара тығыз әріптестікті одан әрі дамытуға ниетті. Осы аталған басым бағыттардың әлеуетін қос мемлекеттің Президенттері Ақордадағы келіссөздер барысында талқылады. Айта кетейік, Александр Стубб елімізге ресми сапармен келді. Қасым-Жомарт Тоқаев оның сапары екі жақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан мен Финляндия арасында достыққа әрі өзара түсіністікке негізделген ықпалдастық орнаған. Екі елдің ортасында шешімін таппаған мәселе жоқ. Дегенмен инвестиция және сауда салаларында бірқатар мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, гуманитарлық ынтымақтастыққа айрықша мән береміз.
Өз кезегінде Александр Стубб та Қазақстан мен Финляндия арасында тиімді әріптестік орнату көкжиегінің аясы кең екенін алға тартты.
Александр Стубб, Финляндия Президенті:
- Бірінші – өзара қарым-қатынас және іскерлік байланыстар. Бүгін Финляндиядан үлкен делегация келді. Оның құрамында 20-дан астам ірі компанияның өкілдері бар. Келіссөздің екінші бағыты – сыртқы саясат және қауіпсіздік. Біршама мәселе бойынша ұстанымдарымыз ортақ, күрделі халықаралық жағдайлардың шешімін табуға бірлесе ұмтыламыз.
Бұдан кейін Президенттердің келіссөзі екі ел делегацияларының қатысуымен одан әрі жалғасты. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Қазақстанның Солтүстік Еуропа мен Еуропа Одағындағы басты сауда серіктесі екенін аттап өтті. Сондай-ақ фин бизнесмендерін Орталық Азияның нарығына шығу үшін елімізде шетел инвесторларына жасалатын қолайлы жағдайды пайдалануға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан Финляндиямен достық қарым-қатынасқа баса мән береді. Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға әзірміз.
Талқылаулардың қорытындысы бойынша, мемлекеттер басшылары бірлескен
мәлімдеме қабылдады. Онда өзара экономика, сауда және инвестициялар бойынша
ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ жоғары білім, ғылым және зерттеулер
саласындағы байланыстарға жәрдемдесу туралы уағдаластықтар жасалған. Тараптар
бітімгершілік бағытындағы ынтымақтастығын нығайтуға мүдделігін растады.

