Қазақстанда газдандыру деңгейі күн сайын артып келеді. Соңғы үш жылда 1,7 миллион отандасымыз табиғи газдың игілігін көре бастады. Мемлекет басшысына «QazaqGaz» ұлттық компанияның атқарған жұмысының нәтижесін басқарма төрағасы Санжар Жаркешов баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Жетісу облысының 66 елді мекенін газбен қамтамасыз ететін Талдықорған - Үшарал газ құбырының желілік бөлігінің құрылысы аяқталғаны туралы есеп берілді. Бұдан бөлек, Қашаған кен орнында сұйытылған мұнай газын ауыстырып тиеу және фракциялау зауытының құрылысы және карбамид зауытының жобасы қолға алынған. Санжар Жаркешовтың айтуынша, ресейлік көгілдір отынды Қазақстан арқылы Өзбекстанға тасымалдау көлемі артып келеді. Сонымен қатар, Орта Азия - Орталық магистральді газ құбырында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары жөнінде айтты. Аталған жоба өңірлік энергетика саласындағы маңызды буын ретінде еліміздің рөлін арттыра түседі.
Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК басқарма төрағасы:
– Енді газ саласы дамудың жаңа кезеңіне өтті, яғни
мегажобаларды жүзеге асыру. Геология бағытында жұмыстар жасалуда.
Аққұдық-Северный учаскелері бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісім шарттар
жасалды. 100 пайыз қаржыландыру шартымен Северный-1 учаскесінде СNPC-мен
бірлескен барлау келісімі жасалды. Мид стрим, яғни тасымалдау бағыты бойынша
Талдықорған-Ұшарал магистралды газ құбырының құрылысы мерзімінен бұрын
аяқталып, Жетісу облысының тағы 66 елді-мекеніне газ жеткізіледі.
Бейнеу-Бозой-Шымкент магистральді газ құбырының екінші желісін салу жобасы
басталуда. Бұл ел экономикасы үшін ең ірі инфрақұрылымдық жоба.

