Мемлекет басшысы «Қазақстан халқына» қорының төрағасын қабылдады. Болат Жәмішев атқарылған жұмыс жөнінде баяндады. Қор үш жылда жалпы құны 230 млрд теңгенің 103 қайырымдылық жобасын қаржыландырған. Атап айтқанда, бұл қаражат ауыр сырқатқа шалдыққан науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, онкологиялық орталықтар мен балалар нейрохирургиялық қызметтеріне заманауи жабдықтар сатып алу, өңірлерде оңалту клиникалары мен ауруханалар ашуға бағытталды. 135 ауыл мектебі жаңғыртылып, заманауи кабинеттер жабдықталды. 3 мыңнан астам студент білім беру грантына ие болды. Қор тасқыннан зардап шеккен жандарға қолдау көрсетіп, 600-ден астам үйдің құрылысына ат салысты. Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қорының жұмысын жоғары бағалап, қайырымдылық шараларының азаматтық қоғамның дамуы мен әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудағы маңызын атап өтті.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

