Жыл басынан бері Жетісу облысының экономикасына 190 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. Бұл туралы Мемлекет басшысына Жетісу облысының әкімі баяндады. Аймақта бірқатар перспективті инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Олардың қатарында Кербұлақ ауданындағы металлургия комбинаты, «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» индустриалды паркі, жел электр станциясы сияқты ірі жобалар бар. Сондай-ақ облысты толық көгілдір отынмен қамту бағдарламасы іске асырылып жатыр. Ол 2028 жылы аяқталады.
Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:
– Мемлекет басшысына Жетісу облысының биылғы жылдың 7 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары, нәтижелері жөнінде, алдағы тұрған биылғы жылдың соңына дейінгі мақсат-міндеттерміз туралы баяндадым. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өсу нүктелері болып табылатын ауыл шаруашылығы, транзиттік-транспорттық мүмкіндіктер, инфраструктуралық құрылымдар, туризмді дамыту мәселесі, содан кейін ең негізгі мақсат бұл – халықтың тұрмыс жағдайын лайықты өмір сүруіне барынша жағдай жасау жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.