Астанада Қазақстанның XII Азаматтық форумы өтті

Астанада Қазақстанның XII Азаматтық форумы өтті

Астанада Қазақстанның XII Азаматтық форумы өтті. Дәстүрлі жиын елдің мемлекеттік органдарының, үшінші сектор мен бизнестің және халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктірді. Қатысушылар қазіргі заманғы азаматтық қоғамды дамытудың негізгі бағыттарын талқылады. Спикерлер республикада 18 мың үкіметтік емес ұйым жұмыс істейтінін атап өтті. Форум аясында Қоғамдық кеңестердің қызметі де кеңінен қаралды.  Бүгінде елімізде олардың саны 260-тан астқан. Жалпы қоғамдық кеңестердің құрамында 4 мыңнан астам қазақстандық бар. Тек соңғы үш жылда ғана олар әлеуметтік қорғау мен экологиядан бастап цифрландыру мен құқықтық білім беруге дейінгі 9 мыңға жуық жобаны қарады. Осының арқасында қазақстандықтардың пікірлері мен өңірлік бастамалар республикалық деңгейде қолдау табуда. Азаматтық форум алаңында барлығы 20-дан астам пікірталас алаңы ұйымдастырылды. Олардың бірі еліміздің халықаралық ұйымдармен серіктестігіне арналған. Үкіметтік емес ұйым өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, халықпен жұмыс істеу және жергілікті жерлерде өзгерістерге қол жеткізу жолдары туралы шеберлік алмасты. 


Сарангоо Раднаарагчаа, Қазақстандағы Біріккен ұлттар ұйымының тұрақты үйлестірушісі:

- Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы мен азаматтық қоғам ұйымдары арасындағы ынтымақтастықтың өсіп келе жатқанын байқап отырмыз. Бұл тың үрдіс орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуде өз септігін тигізері сөзсіз. Аталған мақсаттарға қатысты қорытынды жасауға 5 жыл қалды. Сондықтан азаматтық қоғамды көбірек жергілікті жерлердегі шешімдерді іске асыруға тартуқан абзал. Сондай-ақ, олардың жергілікті қоғамдастықтармен жұмысын жандандыра түсу керек. Өйткені олар бұл үдерісте маңызды рөл атқарады.

Йоханнес Баур, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің ынтымақтастық бөлімінің басшысы:

- Еуроодақ Қазақстандағы өз жұмысын жалғастыруда. Бізде Орталық Азия, яғни осы аймақтың үкіметтік емес ұйымдарына қатысты үлкен, өңірлік жоба бар. Біз, азаматтық секторды дамытудың әлеуеті зор деп санаймыз. Бұл Қазақстанда жергілікті деңгейде өзін-өзі басқаруды нығайту тұрғысынан маңызды деп ойлаймын. Елде бірнеше жыл бұрын басталған реформаларды  біз барынша қолдаймыз. Бүгінде 13 ұйымға қолдау көрсетеміз. Бұл шамамен 5 млн еуроны құрайды. Одан бөлек 40,5 млн еуроға бағаланған өңірлік жоба бар.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?