Қазақстандағы техникалық қызметкерлердің жалақысы сын көтермейді. Мәжілістің кезекті отырысында төменгі палата депутаты Мақсат Раманқұлов әлеуметтік саладағы қосалқы маман иелерінің еңбекақысын арттыру мәселесін қозғады. Халық қалаулысының сөзінше, мемлекет әлеуметтік салаға жіті назар аударып, жыл сайын мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын 20-30% қосып отырады. Бұл – құптарлық жағдай. Алайда осы салалардың қосымша техникалық қызметкерлерінің айлығы ескерусіз қалып келеді. Осы орайда Мақсат Раманқұлов ел Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдады.
Мақсат Раманқұлов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Санитарлар, ассистенттер, еден жуушылар, жедел жәрдем жүргізушілері, мұражай, өнер, мектеп, балабақша, кітапхана, мұрағат саласындағы өзге де қызметкерлер олардың әріптестері үшін мемлекет жыл сайын жалақыны көбейтсе, ал сол салалардағы техникалық қызметкерлердің жалақысы қатарынан көптеген жыл бойы өзгеріссіз қалады деген шағымдармен жиі жүгінеді. «Ақ жол» депутаттық фракциясы айтылған мәселеге назар аударуды қажет деп есептейді және аталған санаттағы қызметкерлерді лайықты табыс деңгейімен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарауыңызды сұрайды.