Мемлекет басшысы «Таза қазақстан» экологиялық фестивалінде сөз сөйледі

Мемлекет басшысы «Таза қазақстан» экологиялық фестивалінде сөз сөйледі

Бүгін Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі өтті. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Ол өз сөзінде «Таза Қазақстан» жобасының осыдан бір жыл бұрын басталғанын айтты. Бұл уақытта жалпыұлттық бастамаға қатысушы әр жас көпке үлгі бола білді.

Мемлекет басшысы тазалықтың мәні мен мағынасы жайындағы пікірімен бөлісіп, ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші деп баға берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы.

Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілердің еңбегін де ерекше атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы экологияны жақсартуға кәсіпорындар мен кәсіпкерлер зор үлес қосып жатқанына тоқталды. Президент «Таза Қазақстан» аясында өте ауқымды жұмыс атқарылғанын, миллиондаған тонна қоқыс жиналып, көшет егілгенін тілге тиек етті. Бұл ретте «Бүкіл қазақстандық ағаш егу күні» акциясының жақсы дәстүрге айналғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы шара шеңберінде бүкіл еліміз бойынша соңғы үш күнде 4,5 миллионға жуық көшет егіліп, орман алқабымызды толтырды. Айналамызды жинау, ағаш отырғызу арқылы біз жайлы да таза қоршаған орта қалыптастырамыз. Барлық аула мен көшені, саябақ пен алаңқайды ұқыпты ұстау – өз қолымызда. Тазалық пен тәртіп – дұрыс өмір салтын ұстанудың басты көрінісі.

Фестиваль соңында бір топ жас марапатталды. Сонымен бірге Президент экофестиваліне арналған көрмені тамашалады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық фестивалі аясында Астана қаласындағы «Жастар» саябағында экобелсенділермен бірге ағаш екті.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?