Қ.Тоқаев «Таза Қазақстан» экоакциясына қатысты

Қ.Тоқаев «Таза Қазақстан» экоакциясына қатысты

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық қозғалыс екі жыл бұрын басталғанын айтты. Бұл жобаның түпкі мәні – табиғатты аялау, тазалық пен тәртіпті дәріптеу ғана емес, саналы ұрпақ тәрбиелеп, сапалы ұлт қалыптастыру, – деді Президент. Былтыр республиканың барлық өңірлерінде 1200 жуық экологиялық іс-шара өтті, 1 млн гектардан астам аумақ тазартылды, шамамен 4 млн жуық тал егілді. Игі бастамаға 800 мыңға жуық ерікті белсене қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Астанада Біріккен Ұлттар ұйымының аясында ұйымдастырылған Өңірлік экологиялық саммит аяқталды. Осы ауқымды форум шеңберінде эковолонтерлікке, ресурстарды үнемдеу мәселелеріне арналған маңызды іс-шаралар өтті. Бұған дейін де айтқанымдай, әлемде ешқандай ел экология мәселесін жалғыз өзі шеше алмайды. Бұл аса күрделі, жауапты жұмыс, сондықтан осы бағытта дипломатиялық күш-жігерді, ғылымды, бизнесті, қоғамды, волонтерлерді, бір сөзбен айтқанда, мақсаткер жастарды жұмылдыру қажет. Өйткені патриот жастар әрдайым өзгерістердің көш басында жүреді.

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстанның» барлық қатысушыларына, әсіресе, жастарға шынайы ризашылығын білдірді. Олар ортақ іске елеулі үлес қосып, азаматтық жауапкершілік үлгісін көрсетті, деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент білім беру арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызына тоқталып, Оқу-ағарту министрлігіне «Жасыл сабақтар» жобасын қабылдауды тапсырды. Ал, «Таза Қазақстан» халқымызды жаңа сапалық деңгейге көтеретін ұлттық идея болуға тиіс.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жаңа Конституциямызда жасампаз патриотизм, бірлік, ынтымақ, табиғатты аялау қағидаттары тіршіліктің негізгі іргетасы ретінде бекітілді. Бұған белгілі дәрежеде «Таза Қазақстан» жобасының, яғни, ел жастарының әсері болғаны рас. Мен өздеріңізді мақтан тұтамын. Сіздерге алғысым шексіз. Екі жылда аталған прогрессивті бастама жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Жоба тың мазмұнмен толығып, шын мәнінде, Әділетті Қазақстан идеясының өзегіне айналып келеді.

Жалпы, соңғы жылдары жасыл желек отырғызу белсенді жүргізіліп келеді. Ормандарда бір жарым миллионнан астам көшет, қалалар мен ауылдарда 18 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Алдағы үш жылда Қазақстанда 46 экоаумақ құрылады. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясының белсенді қатысушыларын марапаттап, экобелсенділермен бірге елордалық «Самал» саябағының аумағына ағаш отырғызды. Бұл аумақ елорда тұрғындарының отбасылық, спорттық және мәдени демалысына  арналған жаңа орталыққа айналуы тиіс.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?