Ислам даму банкімен ынтымақтаса жұмыс істеген жылдар ішінде Қазақстанда жалпы инвестиция көлемі 2 миллиард долларға жуықтайтын 70-тен астам бірлескен жоба жүзеге асырылды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев пен қаржылық құрылым президенті Мұхаммед Сулейман әл-Джассердің кездесуінде белгілі болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған банкпен арадағы негізгі Стратегиялық келісімнің жаңаруын құптады. Оның аясында бірқатар маңызды жобаны жүзеге асыру көзделуде. Өз кезегінде Мұхаммед Сулейман әл-Джассер Қазақстан экономикасын әртараптандыру ісіне одан әрі атсалысуға дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ОПЕК халықаралық даму қорының президентін қабылдады. Абдулхамид әл-Халифа еліміздегі газ химиясы, көлік, су ресурстарын басқару және денсаулық сақтау сияқты негізгі салаларды қаржыландыру жоспарымен бөлісті. Араб үйлестіру тобы қорларының басшыларымен кездесуде Президент бұл ұйым өзін Қазақстанның стратегиялық серіктесі ретінде көрсеткенін атап айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 2029 жылға қарай кемінде 150 миллиард доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартуды мақсат ететін жаңа кезең басталғанын айтты. Өз кезегінде қор басшылары Қазақстан Үкіметі мүшелерімен және бизнес қауымдастық өкілдерімен келіссөздердің табысты өткенін жеткізді.