Астанада өткен бизнес-форум қорытындысы бойынша Қазақстан мен Моңғолия 19 келісімге қол қойды. Олар өнеркәсіп пен Ауыл шаруашылығы кешені, логистика, сауда, цифрландыру және туризм тәрізді негізгі салаларды қамтыды. Тараптар өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, экспортты арттыруға және жаңа логистикалық бағыттар құруға баса назар аударады. Қазақстан моңғол нарығына тау-кен металлургия кешені өнімдерін, азық-түлік және электрониканы белсенді жеткізіп келеді. Іскер топтар агросекторға ерекше назар аударды - астық, ұн және экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көзделіп отыр.
Мұрат Қарымсақов, «Атамекен» ҰКП Қазақстанның сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы:
- Көлік-логистикалық бағытты дамыту да өте маңызды болып отыр. Яғни, біз бүгінде Қазақстан арқылы осы өнімдерді Орталық Азия, Еуропа, Қытай Халық Республикасы нарықтарына жеткізуге болатынын түсінеміз. Сондықтан бұл жерде де біздің ынтымақтастығымыздың болашағы зор. Маңызды келісімдердің бірі - вагондар жеткізу болмақ. Атырау вагон жасау зауытынан Моңғолияға өнім жеткізу жөнінде уағдаластыққа қол қойылды.
Форумға 80-нен астам моңғол компаниясы келді. Оларды Астананың қаржы инфрақұрылымының жағдайы мен халықаралық капитал нарығына шығу мүмкіндіктері қызықтырды. Бизнесмендердің пікірінше, ынтымақтастық әлеуеті қазіргі тауар айналымынан едәуір артық және өсімді қажет етеді.
Саруул Булган, Моңғолия ҰКП бас хатшысы:
- Біздің бизнес Астана қаржы
орталығында төрелік британдық жүйе бойынша жүретініне қызығушылық танытып отыр.
Біздің елде де халықаралық төрелік орталығы бар және біз екі тараптан компанияларымызға
олардың қарым-қатынасын реттеуге көмектесуіміз керек, бұл бизнес үшін аса
қажетті шара. Біздің әріптестік әлеуетіміз үлкен деп ойлаймын, сауданы арттыра
түсуіміз керек және оған осы бизнес-форумымыз түрткі болады деген үміттемін.

