Мемлекет басшысы шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысын өткізді

Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 35 мемлекеттің қатарына қосылды. Бұл Халықаралық менеджментті дамыту институтының мәліметі. Бүгінгі таңда инвесторлардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, Үкімет жанынан инвест штаб құрылды, ұлттық экономиканы ырықтандыру шаралары қабылданды. Сот және құқық жүйесіндегі жаңғырту жұмыстары инвестициялық ахуал қалыптастыруға бағытталды. Ал Жаңа Салық Кодексінде инвесторлардың шығындарын  шегеретін салық преференциялары  бекітілді.  Іскерлік топ пен Үкімет арасындағы цифрлық байланыс іргесі кеңеюде. Жыл соңына дейін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформасы іске қосылады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-ыншы пленарлық отырысында айтты.  

Қасым-жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

 Жақында қабылданған 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары жергілікті өндірушілерге тың мүмкіндік ұсынадыЖалпы сомасы 86 миллиард доллардан асатын 200-ге жуық ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылмақ. Үкімет жергілікті өндірушілерден офтейк-келісімшарттар арқылы сатып алуға арналған тауарлар тізімін жасақтап жатыр. Өнеркәсіп өркендеуі үшін жоғары білікті жұмысшылар қажет. Сондықтан мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Біз Қазақстандағы кәсіптік-техникалық білім беру сапасын арттыруға, сондай-ақ тиісті инфрақұрылымды дамытуға ниетті инвесторларды іздейміз.

Мемлекет басшысы геологиялық барлау және пайдалы қазбаларды игеруді басым бағыттар ретінде атады. Қазақстан соңғы алты жылда геологиялық барлауға 1 миллиард доллардан астам инвестиция тартты. Энергетика секторы әдеттегідей маңызды рөлге ие. Еліміз болашақта мұнай өндірісін жылына 100 миллион тоннадан асыруды көздеп отыр. Ал мұнай химиясы өнеркәсібін өркендету Қазақстан экономикасын әртараптандыруға  үлес қосады, деді Президент.  

Қасым-жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

– 2022 жылы өндірістік қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен шығаруға жететін Орталық Азиядағы ең ірі зауытты іске қостық. Қазіргі уақытта бұл кәсіпорын ішкі сұраныстың шамамен 60 пайызын өтеп отыр әрі өз өнімін Еуропа, Түркия және Қытай нарықтарына экспорттайды. Биыл қыркүйек айында жылына 1,2 миллион тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы басталды. Бұдан бөлек, мұнай химиясы саласында жалпы құны 14 миллиард доллардан асатын бірқатар жоба пысықталып жатыр  

Мемлекет басшысы «таза энергетика», агроөнеркәсіп, көлік-логистика секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселесіне де  тоқталдыАталған бағыттарда шетелдік инвесторлардың қатысуымен ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр.  Дегенмен еліміз бұл межемен тоқтап қалмақ емес,  алдағы уақытта бірлескен жобалар қатары толыға бермек.  

Мәншүк Шымырбаева