Қазақстанда жаңа кластер құрылады

Қазақстанда ірі көліктік-логистикалық кластер пайда болады. Ол Ақтау және Құрық порттарының аумағында құрылмақ. Қазір көлік министрлігі аталмыш жобаны іске асыру қамында кешенді жоспар әзірлеп жатыр.  Мақсат еліміздің контейнерлік тасымал қуаттын арттырып, жүк тиелетін терминалдар қызметін  жетілдіру. Бұл ретте «Құрық» портындағы «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалының маңызы айрықша. Әлі құрылыс жұмыстары жүріп жатқан теңіз айлағы биыл алғашқы жүгін қабылдады. 2025-жылы терминалдың құрылысы тәмамдалып толық пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бес жылдан кейін ол Транскаспий немесе  «орта дәліз» деп те аталатын транзиттік бағыттың өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Сарапшылар Құрық портының көлік-логистикалық тізбегін қайта жаңғырту жобасы оның жаһандық жүк қатынауының маңызды торабына айналуына серпін береріне сенімді.

Серік Ахметов, Құрық портының бас директоры:
-
Қазіргі геосаяси жағдайларға байланысты ашық теңізге шығудың бірден-бір жолы «орта дәліз» деп сайнаймыз. Яғни қазақстандық экспорт Құрық порты арқылы ең алдымен Кавказ торабына түседі, кейін Әзірбайжан, Грузиядан өтіп, Қара теңізге жетеді. Ал Қара теңізге шығу біздің елімізге жаһандық логистика тізбегімен жүк тасымалдауға мүмкіндік береді. Ал  Құрық порты бұл бағыттың бойындағы негізгі буындардың бірі. Біз жыл сайын жүк транзитінің ауқымы артып, бағытының айтарлықтай ұзарып келетінін көріп отырмыз. Мәселен былтыр отандық тасымал көлемі  2 есе өсті. Біздің есебімізше, биылғы тасымал өткен жылғы көрсеткіштен тағы 15-20% ұлғаюуы тиіс. 

Жалпы  2030 жылға қарай Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк ағынын 5 есеге арттыру жоспарлануда. Осылайша, тасымалдау көлемінің әлеуеті 20 млн тоннаға дейін жеткізілмек. Баку, Алят, Батуми, Поти, Ақтау және оның ішінде Құрық теңіз порттарының мүмкіндіктері тағы 7 млн тоннаға жуық жүкті қайта бағдарлауға қауқарлы болады деп күтілуде.