Мемлекет басшысы Премьер-Министр Олжас Бектеновті қабылдады

Мемлекет басшысы Премьер-Министр Олжас Бектеновті қабылдады

Қазақстанда экономиканы әртараптандыру шаралары өз нәтижесін беруде. 2024 жылдың үшінші тоқсанында шикізаттық емес секторды дамыту есебінен ішкі жалпы өнімнің өсімі 4 пайызды құрады. 14 өңірде өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі артты. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевқа  еліміздің Премьер-Министрі баяндады. Олжас Бектеновтың айтуынша, ең жоғары өсім ауыл шаруашылығы, құрылыс, байланыс, көлік саласында  тіркелді. Сонымен қатар, сыртқы тауар айналымы 91 миллиард доллардан асты. Оның ішінде экспорттың үлесі 3,3 пайызға көбейді. Заңсыз активтерді қайтару жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Жыл басынан бері комиссия 450 миллиард теңгеге жуық келісімдерді мақұлдаған. Бүгінде мемлекетке 265 миллиард теңге қайтарылды. Қаржы әлеуметтік мақсаттарға бағытталуда. Атап айтқанда, мұқтаж адамдарды оңалту және әлеуметтендіру бағдарламаларын, мәдени-білім беру орталығы мен спорттық манеж құрылысын қаржыландыру басталды.

Мәншүк Шымырбаева