Мемлекет пен бизнес арасындағы қатынас өзара сенімге негізделуі қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің іскер топ өкілдерімен кездесуінде айтты. Президент Мемлекеттік аппарат әрбір бизнесменге заң бұзушы ретінде қарамауы керектігін де атап өтті. Мемлекет кәсіпкерлерге көмектесуге міндетті. Президент кәсіпкерлер мен мемлекеттік аппарат арасында мүлдем жаңа қарым-қатынас орнатуға шақырды. Яғни, жаңа «қоғамдық шарт» жасау қажет. Ол еліміз бизнестің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасап, жеке меншіктің толық қорғалуын қамтамасыз етеді. Өз кезегінде кәсіпкерлер өздеріне жүктелген міндеттерді адал орындайды. Атап айтқанда салық төлеу, экономикаға инвестиция құю, жұмыс орындарын ашу, қызметкерлеріне қолайлы еңбек жағдайларын қалыптастырады.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті :
-Мемлекеттік аппараттың міндеті – еліміздегі заңды кәсіпкерлік қызметке жан-жақты көмек көрсету. Заңды бұзып, бизнеске қандай да бір кедергі жасау – мемлекеттік сипаттағы қылмыс. Мен, Президент ретінде, Қазақстанды бизнеске, соның ішінде ірі, орта және шағын кәсіпкерлікке өте қолайлы жағдай жасалған елге айналдыруды өз міндетім деп санаймын.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жуық арада шешуді
қажет ететін басым міндеттерді атап өтті.
Әсіресе, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ұсынылған экономиканы
дамытудың жаңа тәсілдеріне тоқтала кетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан
Республикасының Президенті :
-Біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға
жеткізуіміз керек. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету
қажет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылды. Дегенмен кәсіпкерліктің даму қарқыны
әлі де болса бәсең, өз әлеуетіне сай емес деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы
серпіліс қажет. Ең алдымен, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа
үлгіге көшуге тиіс.
Мемлекет басшысы еліміздің әлеуетті кәсіпкерлерін металлургия, химия, машина жасау және басқа да салаларда ірі жобаларды жүзеге асыруға атсалысуға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ мемлекеттік аппарат орта бизнесті дамытуға көңіл бөлуі керектігін айтты.