Тәуелсіздік сарайында Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия көшбасшысын өзі күтіп алды. Мәртебелі мейманның құрметіне Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің истребителдері Түркия туын бейнелейтін қызыл және ақ түсті жолақтардан із тастап ұшты. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған бір біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Салтанатты рәсім аяқталған соң президенттер шағын құрамда кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия басшысын ыстық ықыласпен қарсы алып, Режеп Тайип Ердоғанның сапары тарихи мәнге ие екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл сапар елдеріміздің ынтымақтастығына үлкен серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Екі ел арасында тек қана достық, бауырластық, мәңгілік серіктестік қарым-қатынас қалыптасқан. Арамызда ешқандай түйткіл немесе шешілмеген мәселе жоқ.
Өз кезегінде Түркия Президенті қазақ елінің көрсеткен құрметіне алғыс айтты.
Сондай-ақ бүгінгі сапар бауырлас халықтардың ынтымағын арттыруға зор септігін
тигізеді деген сенімін білдірді.
Кейін Президенттер Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Қазақстан үшін бауырлас ел, сенімді серіктес саналатынын атап өтті. Екіжақты қарым-қатынас қарқынды дамып жатыр. Түркиядан экономикамызға 6 миллиард доллар инвестиция тартылды. Қазақстандық бизнес түрік жобаларына 2,5 миллиард доллар салған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 5 жарым миллиард доллардан асқан. Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-саттықты әрі қарай жандандыруға қолайлы жағдай жасап, алыс-берісті әртараптандырудың маңызына тоқталды. Қазақстан Түркияға қазірдің өзінде жалпы құны 630 миллион доллардан асатын 34 тауар түрі бойынша экспортты ұлғайта алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Түрік елі – негізгі бес сауда серіктесіміздің бірі болып табылады. Қос халықтың мәдени-гуманитарлық байланыстары қарым-қатынасымыздың алтын арқауы саналады. Біз осы игі үрдісті сақтап, өзара ықпалдастығымыздың аясын кеңейте беруге мүдделіміз. Бүгін «Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы» декларацияны қабылдаймыз. Осы маңызды құжат қазақ-түрік қатынастарын дамытуға тың серпін беретіні анық.
Былтыр екі елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар айналымы 25% асты. Түркия тарапына Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын жандандыру жөнінде 2026-2028 жылдарға арналған жол картасын қабылдау ұсынылды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев түрік компанияларын Құрық, Ақтау порттары арқылы жүк тасымалын ұлғайтуды көздейтін жобаларға белсенді атсалысуға шақырды. Мемлекет басшысы Түрік елі қуатты экономика мен салмақты дипломатияның арқасында Еуропа мен Азияны, күллі түркі дүниесін жалғаған алтын көпір ретінде танылып отырғанын атап өтті. Өз кезегінде Түркия Президенті республикалық референдумда халық қолдауына ие болған жаңа Конституция Қазақстанның ынтымағын арттыра беретініне сенім білдірді.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:
- Біз сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізуге ниетті екенімізді растадық. Осы орайда 15 сәуірде Астанада өткен Үкіметаралық экономикалық комиссияның 14-ші отырысында қабылданған 67 тармақтан тұратын Іс-қимыл жоспарын жүзеге асырудың маңызына тоқталдық. Инвестиция саласында компанияларымызды ынталандыруды жалғастырамыз.
Екіжақты келіссөздер мен Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысының қорытындысы бойынша Президенттер Қазақстан мен Түркия арасындағы мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойды. Ресми делегациялардың мүшелері сондай-ақ 14 мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттармен алмасты.
Мемлекет басшысы Түркия Президентін Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттап,
Режеп Тайип Ердоғанды әлемдік деңгейдегі салиқалы басшы және саясаткер ретінде
ерекше құрметтейтінін атап өтті. Айта кетейік, түрік көшбасшысы жаңа
қазақстандық орденнің тұңғыш иегері.

